Балбал тас – Алма Түсіпбекова

Бұл бетте «Балбал тас» атты Алма Түсіпбекова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.11.2020
  • 0
  • 0
  • 1760
Мұнар күннің мұрасы,
Тілін білсең – сұрашы.
Қыр басында балбал тас,
Сан ғасырдың куәсі.
Ғұмыр кешкен сенделе,
Соры қалың пенде ме?
«Дуаланған қарғыспен» -
Деп айтады ел неге?
Тұлғасында – байыбы,
Батырға ол да сай, ұлы.
Туған жерде – тамыры,
Тас демесең – айыбы.
Тұғыры бар мәңгілік,
Жадында оның – жаңғырық.
Жел кептірер көз жасын,
Шөлін жаңбыр қандырып.
Жанға түйіп жақсы ісін,
Әліп артын бақты шын.
Тыныштықты күзетіп,
Тұрғандайын тас мүсін.
Жанардан жас төгілсе,
Сенен ме едің, егілсе?
Осы тастың жүрегі,
Бар секілді, меніңше...
Сырын ұғып бөктердің,
Шежірені төккен кім?
... Балбал тастан естідім,
Қобыз үнін өткеннің...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері