Жазғы жаңбыр – Тәкен Әлімқұлов

Бұл бетте «Жазғы жаңбыр» атты Тәкен Әлімқұлов жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 11.12.2020
  • 0
  • 0
  • 2595
Тілеп сусын тұрды шілде,
Шегірткесі шырылдап.
Түсінгендей сол бір тілге,
Шықты сұр бұлт қырындап.
Тамды тамшы кербез жерге,
Жаққан опа тозаңнан.
Қалды тамшы ұқсап меңге
Жер бетінде бозарған.
Жауынға мен кеуде тостым,
Басылсын деп аптабы.
Кәдімгідей қара-қошқыл
Бұлт аспанда қаптады.
Шаңқай түстің отты лебі
Тамшылатты бұлттан тер
Жүкті әйелдей секпілденді
Қыз әлпеттес құба бел.
Бусанды да байтақ өңір
Жатты демін зорға алып.
Табиғаттай қара-қоңыр
Тұрдым мен де толғанып.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері