Теңіз, Өлең, сосын... Мен – Серік Сағынтай

Бұл бетте «Теңіз, Өлең, сосын... Мен» атты Серік Сағынтай жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 02.01.2021
  • 0
  • 0
  • 854
Теңіздің тебіренген толқыны — жыр,
Өлеңнің жүректе өшпес өрті — ғұмыр.
Кеш түсе ақ айдынға шақырады,
Сынық Ай, сыңғырлаған шолпылы нұр.
Өлеңнің жүректе өшпес өрті — ләззат,
Өртімен өзектесер серті ғажап.
Айдарын ақ толқынның аймалаған,
Сүт емген сынық Айдан жел тына қап.
Бұла түн баса құшып ымырт өртін,
Жұлдызға жұптастырған ғұмыр көркін.
Кеудеме керім жыр боп көшуші еді
Маңдайынан Ай сүйген құлын толқын.
Сол күймен толқып қазір шайқалам дүр,
Аспанның асқақ әнін айтар ем бір.
Балқаштың суыны* ғой суырылған,
Кеудемді дүбірлеткен айтөбел жыр.
Кеудемді дүбірлеткен айтөбел жыр...
*Cуын — қазақ ертегілеріндегі теңіз жылқысы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері