Дір-дір еткен қурайлар қалтырады – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Дір-дір еткен қурайлар қалтырады» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.02.2021
  • 0
  • 0
  • 866
Дір-дір еткен қурайлар қалтырады,
Сарқыраған су мұз боп жалтырады.
Ақ далаға қар басқан аңтарылып,
Ақ таяқ ап Әділбек шал тұрады.
Шынайылық көрмейді шақтан мынау,
Алатаудың басы – ұрыс, шатқалы – дау.
Жасандылық бәрі де,
Күн қылт етсе,
Сен де өтерсің жалғаннан ақпаным-ау.
Қамырығы тірліктің аздырады,
Нұры тайса солады жаз құрағы.
Тау бұлағы жалайды тас табанын,
Жағынғанмен бұ тағдыр сазға ұрады.
Асылады ақпанға шыңылтыр күн,
Қармен бүркеп қатулы құмын қырдың.
Опынады әлгі шал ақ таяқты,
Қоюлығын көргенде бұлыңғырдың.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері