Сарышұнақ кірпікке шық байлатып – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Сарышұнақ кірпікке шық байлатып» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.02.2021
  • 0
  • 0
  • 925
Сарышұнақ кірпікке шық байлатып.
Құлақтанды күн тағы шықпай жатып,
Наурызың келгенмен, ірге – Сібір
Көкек бәлкім тартар ма шыттай бақыт?..
Сықырлаған сары аяз дірдектетті,
Алма беті арудың сір боп кетті.
Қабырғасы ырсиған қоңыр тоқты,
Дым қуғызып, тағдыры тірнектетті.
Әз жүгірмей, бір түрлі алаңдадым,
Даламда мұң жатқандай қаламда мұң.
Сені көрсем әйтеуір далиямын,
Шуағына бөлейді балаң жаның.
Бір жылылық құйылар құнықтырар,
Жанарыңда сыр қалың тұнып тұрар.
... Сұрапылдың сойқаны басталардай,
Мына әлемді ес-түссіз ұмыттырар ...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері