Ғалам мені құрсағында – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Ғалам мені құрсағында» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.02.2021
  • 0
  • 0
  • 716
Ғалам мені құрсағында
Тербетті,
Бұлттан жасап орап қойды жөргекті.
Қоржынына салды дағы
Құнтитып,
Ақ боз атпен аралатты жер-көкті.
Көкжиектің кеңдігіне сүйіндім,
Мақпал түннің бұйымымен киіндім.
Періштелер қасына ертіп жүргенде,
Керегі жоқ алтын деген
Үйіндің.
Есейгенде пенде еліне
Әкелді,
Сонда көрдім алғашқы рет әкемді.
Тәңір Көктің қойнындағы ғұмырға,
Қайта оралар
Туар ма екен сәт енді?..
Мына жерде бәлекетпен былықтым,
Ібіліспен індін құрып,
Ылықтым.
Жадылады басымды бір жалмауыз,
Көк елінің көсемдігін ұмыттым.
Кетті қайтып періштелер,
Түңіліп,
Әзер келем сіңіріме
Ілініп.
Құрсағында
Әлдилеген сол ғалам,
Көр кеудеме зер салады
Үңіліп ...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері