Қырық құдық (Орпа ұлына) – Қалампыр Кенжеғалиева

Бұл бетте «Қырық құдық (Орпа ұлына)» атты Қалампыр Кенжеғалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.03.2021
  • 0
  • 0
  • 886
Қырық құдық арасында
Қырық шілтен қорғап өскен,
Дала әуенін даладай кең
Көкірегінде толғап өскен.
Қой да көрген, қи да ойысқан,
Қамшы да өрген тарамыстан,
Ертегі оқып, ұйқы қысқан,
Түсіне еніп пері-мыстан.
«Тағы» атанған асау мінген,
Бас үйретіп, құрық ілген,
Қайсар мінез түз баласы
Табан ізі құмға сіңген...
Күні күлген сағым сеуіп,
Қауға тартқан таңдай кеуіп,
Қырық құдық, ат суарған
Бір қауға су ап шық алдан!
...Түсіне еніп Орпа ауылы,
Сағыныш жүр қолқа салып.
Құм шағылдың етегінде
Сағым қуып жортады әлі...
Тауда тұрақ тапқан бүгін
Бұлаққа атын шалдырады.
Орта қауға құдық суын
Ішіп шөлін қандырады...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері