Сайтта техникалық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қате байқалса, назар аудармауыңызды сұраймыз.

Ана туралы жыр

Бұл бетте «Ана туралы жыр» атты Тұрсынхан Әбдірахманова жазған ана туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 12.04.2021
  • 0
  • 0
  • 1640
1
Әйел мен ердің салыстыруға аршынын
Шынымды айтсам, өз басым, достар, қарсымын.
Халықтық дана ақыл-ой бұдан сан ғасыр
Бұрын-ақ бізге айтып кеткен ғой бар шынын.
Өмір жұп, бірақ саусақпен ғана санайтын,
Тақ есімдер бар мақтанып мыңға балайтын.
Парасат, дарын, тақ дегізетін батырлық
Ерекшелік пе жынысқа қарап жанайтын.
Ендеше шырақ, тақ болу достан қолқалар
Дүние емес кез келген оңай жол табар.
Тақ тұру үшін әйел жоқ, ер жоқ еңбек бар,
Биікті көріп, бағалайтұғын орта бар.
2
Талайлар жеңіп тағдыр сұм дейтін тамұқты,
Өмірге келген адамдық атын танытты.
Түксиген қабақ, тікшиген мұрттарды елемей,
Кегінде өнер Темірқазық боп жаныпты.
Даналықты айтсам, ғылымның тыңын қопарған,
Сол үшін патша қуса да туған Отаннан,
Орыстың ғалым, ғұлама қызы Софья
Арманнан биік аяулы жаны от алған.
Ақындықты айтсам, кім асқан біздің Сарадан,
Жез таңдай бұлбұл аузына үш жүз қараған!
Айтысып аға Ұлына тізе бүктіріп,
Төрелік алған Абайдай Ұлы данадан.
Өнерді айтсам, өте көп менің атарым,
Қас жүйріктермен молыққан күнде қатары.
Арысы Майра, кешегі бұлбұл Күләшім,
Сан сыннан өтіп, сүйсінткен Ұлы Отанын.
Батырлықты айтсам, елім деп соққан жүрегі,
Шайқаста жаумен талмаған нәзік білегі.
Қос батыр қызы қазақтың Мәншүк, Әлия
Есімін-дағы, ерлігін де әлем біледі.
Осынау достар, саусақпен ғана санайтын
Тақ есімдер шын мақтана мыңға балайтын,
Қасиет екен әйел деп, ер деп бөлмей-ақ
Еңбекті сүйген адамды талғап жанайтын.
Сұңқар бол мейлің, тұлпар бол, тіпті алып бол,
Атақпен, даңқпен әлемнің жүзін алып бол.
Кемеңгер дарын, ғұлама ойшыл, мол қайрат,
Өмірге өзі қаз басып келе қалып па ол!
Осының бәрі әуелде үрпек балапан,
Ұшырған баурап, аялап ана алақан.
Ендеше достым, тең келер тақ жоқ анаға,
Ана – тақ, ана – ертеңін, атар жаңа тан!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ана туралы жыр өлеңінің авторы кім?

Тұрсынхан Әбдірахманова — осы өлеңнің авторы.

Ана туралы жыр өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ана туралы жыр өлеңі не туралы?

Бұл шығарма ана туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Ана туралы жыр өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері