Көзін алмай көк аспан гүлді өңірден – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Көзін алмай көк аспан гүлді өңірден» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 986
Көзін алмай көк аспан гүлді өңірден,
Біздің жаққа түспейтін түн де бірден.
Түндей тылсым жүрегім бұлқынатын,
Ұқсаймын деп ақыры күнге күлген.
Батыс жақтың реңі оюланып,
Бірте-бірте қараңғы қоюланып.
Желең қалсаң далада желбегей жел,
Жеңгедей жел сипайтын бойыңды алып.
Темірланда көбейген келімсектей,
Үргенситін көк төбет еріншектей.
Жалт-жұлт етіп Арыс та демалатын,
Бойын баққан жалаңаш келіншектей.
Суға бір сәт кетердей Аспан құлап,
Секіретін былдырап тастан бұлақ.
Сыбызғысын шегіртке сызылтқанда,
Құрбақалар жататын бастаңғылап.
Кететұғын мұндайда есім шөлдеп,
Табиғатты өлеңге көшірсем деп.
Армандаушы ем сол кезде рахаттан,
Арыс болып, шіркін-ай, көсілсем деп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері