Сендер маған ұрыспаңдар, өтінем – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Сендер маған ұрыспаңдар, өтінем» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 752
Сендер маған ұрыспаңдар, өтінем,
Сәл еркінсіп, серуендеп кетіп ем.
Қалам малып бал шараптың буына,
Құс өте алмас мұхиттардан өтіп ем.
Жарты құртты алты ай азық ететін,
Жаяу едім шаңы шықпай кететін.
Сендер маған ұрыспаңдар, өтінем,
Менің жаным тым балауса, бөпе тым.
Сендер маған ұрыспаңдар лайым,
Ұрыссаңдар бұзылады шырайым.
Кейімеңдер, жылап қалам баладай,
Тұман тұтып қалғандай-ақ Күн, Айын.
Жыр жазуға қалмай айла-амалым,
Бұза алмадым өсекшінің қамалын.
Жалғыз едім өлеңде де, өмірде,
Сондықтан да мұң жамылды жамалым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері