Өлең, жыр, ақындар

Өлеңімді қорлама

  • 31.05.2021
  • 0
  • 0
  • 555
Бұрынғылар тықты апарып торға да,
жырындылар жықты апарып орға да,
шындық үшін жаны шығып,
шырылдап,
сағы сынып көрген емес сонда да;
абыз болып айтып еді билігін,
кещелеу бек көмейіне құйды құм,
сөйте тұра
таңдайынан бал сорып,
соның ғана маңдайынан сүйді күн;
қанатымен қара дауыл соқтыртып,
тиген жерін ойып еді от бүркіп, —
кесіп алсаң қан шықпайтын
миғұла
есегің де,
есерің де кетті үркіп!
Соны көріп,
"сайтаны" бар не қасқаң
арпалысты
ат мінсем де Пегастан,
қайдан білсін,
қанаттының бәріне
қоныс бола қоймайтынын көк аспан;
қатарынан қалмаймын деп қандастың,
сен де барып шоқтығына жармастың,
қандырмасын біле тұра шөліңді,
алдырмасын біле тұра Парнастың;
есің қалмай,
өліп-өшіп екпіндеп,
кеудеңдегі сөніп-жанған отты үрлеп,
қиялданып,
жиі алданып жатпай-ақ,
адуынды ақын бола кеткің кеп;
арқасында "аза бойғы аз күштің",
бірі болып шыға келдің "жазғыштың",
жүрек емес, қолындағы күрегің
қалың жатқан қазынаның қазды үстін;
қарыс емес,
қадірленіп тұтамың,
тоқсан сайын толғата ма кітабың —
бұлбұл үркіп
поэзия бағынан,
қарға барып паналады бұтағын.
Қиқымдарға, сылқымдарға "жыр" арнап,
қиқуға да қосыласың ұрандап,
тілің ғана икеміңе көнбей жүр
тәлпіш қатын секілдене бұраңдап.
Бірақ бүгін жібегі не, бөзі не,
қарап жатқан қазағың жоқ көзіне.
...Роман бар, драмаң бар — бәрін жаз,
өлеңімді қалдыршы тек өзіме!
Жылуы жоқ жырау көрсем оты кем,
сабағым да кеп тұрады шетінен.
...Сен де өзіңді зорлай берме, ағайын,
өлеңімді қорлай берме, өтінем!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дос тілек

  • 0
  • 0

Бұйым болмай бұраң дүние өр-шөлі,
биік ұстап ерге біткен еңсені,
бусанып бір тұрғаныңды көріп ем
Қараталдың қыр жағында мен сені.

Толық

Бетім қайтып кермесе де ешкімнен

  • 0
  • 0

Бетім қайтып кермесе де ешкімнен,
бұ тірлікте естімедім сес кімнен,
достарымның күндестігін қоздырмай,
дұшпанның да білместігін кештім мен.

Толық

Батыр баба

  • 0
  • 0

Азбап па деп ұрпағы, тозбап па деп кең далам,
кімдер бастап келді деп осы күнге елді аман,
Зая кеткен жоқ па деп, төгілген қан, тамған тер,
қарап тұрған сияқты Қабанбайдай Ер бабам.

Толық

Қарап көріңіз