Өлең, жыр, ақындар

"Ақын деген көп қой!" дедің...

  • 31.05.2021
  • 0
  • 0
  • 824
Нөкері бар,
мекері бар қостаған,
көрсеткісі келді ме әлде сес маған,
— Ақын деген көп қой бүгін! — деп қалды
ел басқарып отырған бір есті адам.
Білуші еді бергіні де,
арғыны,
аузы барып айтты қалай әлгіні?
Әкімі бар,
жақыны бар —
бас шұлғып:
— Рас, рас! - деп қалысты барлығы.
Көтеріліп,
көмекейі бүлкілдеп,
жұрт көңілін аулай берді біртіндеп,
соның ғана ауызын бағып барлығы:
— Көбі — көп қой! — дей береді күңкілдеп.
Бастар қалды осы арада шайқалмай,
Жастар қалды босағада байқалмай,
ыбылжиды,
күмілжиді бәрі де
дымы құрып,
тілі... уылып,
айта алмай.
Аспанды бұлт торлағандай жаңбырсыз,
осы әңгіме болмағандай дәм-құнсыз,
үлкен-кішің
жанарымен жер шұқып,
әлдебіреу зорлағандай... қалды үнсіз.
Жарқ етті ме жалаң қылыш, кездіктер,
Сарт етті ме жылдамдықтар, тездіктер,
нар едің ғой,
бар едің ғой дегендей
осы арада менен де бір сөз күтті ел.
Жөн емесін біле тұра,
күбірлеп:
"Ақын деген көп қой рас бүгін," — деп,
бәріміздің атымыздан
алғысын
айтпақ болды жәдігөйлеу жүгірмек.
Атысқым да,
шабысқым да келмейді-ақ,
амалсыздан атып тұрдым мен бейбақ, —
көп әңгіме қозғап өткен жаңағы,
тағы да бір сөз дәметкен елді ойлап.
Өлең-жырдың ауасына болған ем,
орманы едім, дауасына қорған ем,
"Қап!" — дегенім,
"Дат!" — дегенім есте жоқ,
саңқ еттім де сөйлеп кеттім сонда мен.
— Ақын деген кеп қой! — дедің енді, інім, —
Қайсыбірін білеміз! — деп кергідің.
Тамырымды басып көрген түрің бе,
тасып-толып тұр екенсің сен бүгін.
Қарсыластың қағып алып сайтанын,
сен де біраз дүниені шайқадың,
бүгін тіптен тұтып ұлық өзіңді,
құтырынып тұр екенсің, байқадым.
Жаяу ғана жорғасы бар аттай-ақ,
өр сөзіңе қосып айтып тәтті аят,
қотырланбай сөйлемедің, қайтейін,
ақындарды отырғандай қатты аяп.
Бұдан әрі, кешір мені, төзбедім,
не десем де өз лебіз, өз демім.
Күлім қағып отырғаның жаман-ақ,
"жынын қағып" жүрмегейсің езгенің.
Өлең сездің наласы бар, табасы,
ашуланбай,
ақ сөйлейік, ағасы,
сенің ақын деп жүргенің, мен білсем,
әнші, жыршы, жырау болар, шамасы.
Оларды да келмеп еді көпсінгім,
неге сонша теріс қарап, тепсіндің? —
Ақын деген сөзі емес пе халықтың,
өзі емес пе ертең іздер жоқшыңның.
Беті қайтып берекесіз кердеңнен
ел басына түсе қалса сергелдең,
қайсың,
қане, үндеп едің, ағайын,
ақын емей,
кім деп едің дем берген.
Елім, сенің есінді алып ез біткен,
қара жерге қадалғанда көз-нүктең,
Ақын ғана түсті емес пе араға
жарқылдап кеп
жай оғындай тездікпен.
Сәуегейің сол емес пе көріпкел,
көріпкелді хан көтере
беріп төр,
батырынан бедел кеткен кезде де,
ақынына әулиедей сеніпті ел.
Қайыр күтіп қанағатсыз хандардан,
халық біткен қапалана дағдарған
тұстарда да
сөзі еді ғой ақынның
екі араға шындық болып жалғанған!
Ақтарып көр ақиқаттың мұрасын, —
ақын біткен шырылдасып, жыласын
хас Махамбет емес пе еді кешегі
хан Жәңгірдің көзіне айтқан кінәсін.
Жаңылса да,
қағылса да биліктен,
хас ақынның жері бар ма иліккен,
арақ та бер, қанап та кер,
тек қана
оны сатып ала алмайсың сыйлықпен!
Саналы інім,
саған жауап берем деп,
әңгімеміз кетті-ау біраз тереңдеп,
таусылды ма маған айтар дәлелің,
даусыңды да, айналайын, төмендет.
Өрелінің тұрмағасын өзі ұғып,
сөзіміз де кетті-ау деймін созылып,
неге сонша түнердің де қалдың сен,
жалықтырып жібердім бе, мезі ғып?!
Көкейіңе қонбады ма зар-әнім,
жаңғырығып
қайтты өзіме жаралы үн.
...Ақын деген —
ақылы ғой халықтың,
ақыл көптік ете қоймас, қарағым!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қаншама қыз-қыз қан қайнап

  • 0
  • 0

Қаншама қыз-қыз қан қайнап,
қармана басып, қорқақтай,
қырсығып тірлік, жанбай бақ,
қыстығушы едім жол таппай,

Толық

Насыбай. Шал мен кемпір

  • 0
  • 0

Қисайып көне тулақ-елтіріге,
"— таршылық көрмейсің, деп, мен тіріде",—
қутыңдап қаршығадай қартың отыр
насыбай уқалатып кемпіріне.

Толық

Наурыз Қылышбаевқа

  • 0
  • 0

Сері десем — сенбессің, серке десем — көнбессің,
зәру емес мақтауға, мақтаусыз да өлмессің,
жалын атқан сонау бір жас кезімнен мен үшін
осы өңірде бір туып, біте қайнар жерлессің.

Толық

Қарап көріңіз