Түгім де жоқ күдіктен таза айыққан – Сәкен Иманасов

Бұл бетте «Түгім де жоқ күдіктен таза айыққан» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.05.2021
  • 0
  • 0
  • 636
Түгім де жоқ күдіктен таза айыққан,
күмбір қақпай кеудем де,
азайыпты ән,
"Атса керек еді ғой, — дей берем тек, —
атса керек еді-ау бір ғажайып таң!"
Жылдар өтіп жатқанда аттай желген,
сол ғажайып таң неге атпай келген,
таң түгілі,
зар болып арайға да
қалай ғана барлығын мақтай бергем?!...
Жағаласып жауыздық, жалғандықпен,
бар қызықты, бәлки, сол таңнан күткем, —
кім екенін кісінің көзі көріп,
өзі келіп қалар деп арман біткен...
Малданыппын соны да,
алданыппын
дүниенің парқын да жалған ұқтым,
ұрынбаған "иттіктің" ешбіріне
кеспіріме қарайды таң қалып түн.
Жақсы тілін алдық па, алмадық па,
түк таппаған жайым бар қарманып та,
күнге қарай мойнымды соза берем
қарағайдай
қараусыз қалған ықта!... 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері