Өлең, жыр, ақындар

Даңқтың, даудың, дақпырттың

  • 16.06.2021
  • 0
  • 0
  • 864
Даңқтың, даудың, дақпырттың
Ық жағын алып келіп едім.
Бейне бір шөкім ақ бұлтпын,
Қуаламашы, жел, мені.
Қалықтайыншы аз уақыт,
ақша бұлт екем бір ұрттам.
Қанатымды от қып маздатып
бір көрінейін ымыртта.
Жап-жасыл көкте ақ мең боп
көрінейінші мен жұртқа.
Күркіл мен жарқыл жоқ менде,
нөсер де күтпе сондықтан.
Қарайын саған, кең өлкем,
биікте тұрып қарайын.
Тоқымдай ғана көлеңкем
төсінде жатсын қарайып.
Жайыма, Тағдыр, қарайла,
төкпесем нөсер қалшылдап,
тама алмай жүрген талайдан
тарыдай ғана тамшым бар...
Өстің, тікен, тырмысып,
ал, талаптан, талаптан.
Тартайын деп тұрмысың
тағы да бір балақтан?!
Сені о бастан ант ұрды,
"Құдай" сені кептірсін:
тағы да бір балтырды
қанатайын деп тұрсың.
Сен де қырсық адамға,
қырсықпаңдар, қойыңдар.
Тағы да бір табанға
қадалатын ойың бар.
Жүрсің өлі түлеп сен —
құртар едім күрсінбей:
топырағыма гүл өскен
сен де өсіп тұрсың ғой...
Салбырап тұр тылсым аспан,
тау түнерді бұлты басқан.
Тазы-желдің бауырында
күшік-жапырақ қыңсыласқан.
Шұнақ тастың бар ығын ап
ақ қайың тұр сары құлақ.
Шұбар жылан кетті сүңгіп
шұбар тастың жарығына.
Қанатындай ақ үзіктің
толқын желп-желп қағылып тұр.
Тұлып-шыңға ыңырсып кеп
саулы інген-бұлт жағызып тұр.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тау толқындары

  • 0
  • 1

Өзенін өргізіп тау алса ғана,
Қарайды қарауытып сан салаға.
Қайтеді ей, мына толқын, құла толқын
Жартастың төсін сорып тамсана ма?

Толық

Тыныштық

  • 0
  • 0

Кім үзеді өзі әлсіз, жіңішке ойды?
Тыныш дейді дүние, тыныш дейді.
Бірақ шыңды бұлт болып буды қайғы,
бірақ бұта дамылсыз судырайды.

Толық

Тамшы терді сығып алып денеден

  • 0
  • 0

Тамшы терді сығып алып денеден,
жұлдыз қылып жағайыншы деген ем...
Оу, көк аспан тесіліпті-ау тегенең,
Тегенеңде құюлы екен көп өлең.

Толық