Жаның қандай, айналайын, мөп-мөлдiр?! – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Жаның қандай, айналайын, мөп-мөлдiр?!» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.06.2021
  • 0
  • 0
  • 907
Жаның қандай, айналайын, мөп-мөлдiр?!
Жанарыңа жалатқандай көктем нұр.
Құрдымда өлген өзендейiн, өзiңсiз
қанша күнiм,
қанша жылым өткен құр?..
Көңiлiң қандай тұнық едi, мөлдiрiм?!
Таң лебiмен қаққандайын көл дiрiл.
Қалтқысыз қамқор көздiң аясын
Қалай ғана байқамағам мен бұрын?
Ашылғаны осы ма екен маңдайдың –
Қолына кеп құсы қонған жандаймын.
Енгендей Күн құшағыма күлiмдеп,
Ендi өлмеймiн!
Өмiрiмдi жалғаймын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері