О, Құдірет!

Бұл бетте «О, Құдірет!» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 22.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1227
«Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Мен сені, сезесің бе, неге іздедім?..»
Мұқағали

О, Құдірет!
О, Өлең!
Қалай қиып кетем сені өлгенде?
Шыныменен жан екем ғой шерменде.
Сенің үнің естіледі желден де,
Сенің мұңың естіледі көлден де.
Қайың жылап сала берер теңселіп
Қара аспаннан қара бұлт төнгенде,
Кірбіңденіп Күн ұяға енгенде.
Дауыл тұрса, сенің ғана тіліңмен
Телегей де тебіренер өркеуде!
О, Құдірет!
О, Өлең!
Саған ғана санам сазып сиындым,
Əлемге ашып мың қатпарын миымның.
Көктем гүлдеп, дүние дүрлеп жатқанда
Көктен нұр боп көкірегіме құйылдың.
Құйылдың да қыздай күліп қиылдың,
Жамалыңды жат көзіне қия алмай,
Сүмбіл сұлу сиқырыңа сүйіндім.
Қырда жүрген қызыл көйлек қыздайын
Ырғағыңмен ырқымды алдың, үйірдің...
О, Құдірет!
О, Өлең!
Сен екенсің ақ қанатты Пырағым!
Тұла бойға құйылғанда бір ағын,
Білмей қалам: аспанда ма, жерде ме,
Қайда екенін тұрағым.
Сен екенсің жəне де
Алтын шамдал – шырағым.
Көк қанатты көбелектей көзіңше
Құзырыңа күйіп-жанып құладым.
Құладым да жыладым.
Жылап жатып шапағатшыл Құдайдан
Шабыт, шафқат сұрадым...
О, Құдірет!
О, Өлең!
Сенсіз өмір өмір емес – жəй ғана.
Құшағыңа ал,
құшырлан,
сүй,
аймала!
Қараңдаршы, қандай ғажап Дүние?!
Қараңдаршы, қандай ғажап айнала?!
Жұлдыздармен жұмақжайда жүздесіп,
Созсам, қолым жететіндей Айға да!
Аспан жаққа ұшып кеткен екен-ау
Қыз Жібек те, Лаура, Баян, Лəйла да!..
Жұлдыздарға қызықпайды қай дана,
Жұлдыздарға қызықпайды қай бала?
Қолдан келсе, арғымақты байлама,
Арғымақтың атажұрты – айдала!..
О, Құдірет!
О, Өлең!
Құйыла бер өнбойыма төбеден!
Сен көмбесің келе жатқан көнеден,
Сен көрмесің сөйлеп тұрған сөреден.
Ендеше мен неге өлем?:
Кетпеймін де,
Көктеймін де,
Көгерем!
...О, Құдірет!
О, Өлең!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

О, Құдірет! өлеңінің авторы кім?

Исраил Сапарбай — осы өлеңнің авторы.

О, Құдірет! өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

О, Құдірет! өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Исраил Сапарбай өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

О, Құдірет! өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері