Өлең, жыр, ақындар

Үшеу немесе ойын сөзге шын төре

  • 28.07.2021
  • 0
  • 0
  • 400
Тәуірмін деген
жігіттің бүгін құштары
Қолынан келсе,
айырылмай мықтап ұстары
Үш ғажап дейді —
ақша мен атақ һәм ару –
Қоса алса басын...
бағының өрлеп ұшқаны.
Игере алмай
бүлдірсе, солар дұшпаны –
Себеп боп сорға
құлдилап төмен ұшқаны.
Сұраған ауру
табылмай емі ақыры
Күйрейді дейді
еңбексіз жеткен ұшпағы.

I
«Қызыл қағаз, жасыл қағаз, көк қағаз»
Пай не қылған құдіреті көп «қағаз».
Тіршіліктің тұтқасындай көрініп,
Соған көзі қызықпайтын тоқтар аз.
Қайсы біреу қанағатты қалдырып,
Соған бола ар аттайды бар тұрып.
Байлық мұрат емес деп ап, ақырын
Ала беру жатса дағы артылып.
Ала берсек, ала берсек мақұлмыз.
Сөйлеп кетсек,
тұнып тұрған ақылмыз.
Сөз бенен іс, үйлеспеген тұстарда
Заңға қарай шұбап түскен жатыр із.
Дана Абай айтқан сонау аманат –
Бес асыл іс бой тұмар қып, тағар-ақ
Ғибрат қой бүгінге де ойласақ,
Тәуба дерлік барға етіп қанағат.

II
Төркіні атақ мансапта жатыр,
Мансабың өссе,
қимылын батыл.
Көтере сөйлеп, көпіртіп маңай
Түсірмей жерге әкетер ақыр.
Уәлі, айтқыш ауызға бір түс,
Сонан соң өзі болады үрдіс,
«Пәленше екен мақтаған өзі» –
Деп ұстап биік тұрады бір күш.
Сонан соң ұшып кеттім де мүлде
Сенікі төрлер,
Сенікі жүлде...
Шығуы оңай,
түсуі қиын
Биікті, бауырым,
оңай деп жүрме.
Алдыңа айдап малды да матап,
Ырысың асып, фонтандай атады.
Баянсыз бірақ,
өткінші жаңбыр –
Сүтпенен бойға бітпеген атақ.

III
Дүниеде әйел атты қауым бар,
Қырсық басы сол дегенге дауым бар,
«Жолға шықпас, жолдан қалмас» әйелді
Әділдікпен кінәлайық, бауырлар!
Айтар болсақ ақиқатын адал, ақ,
Әйел ғой сол қоғам етіп адамзат
Басын құрап,
Табандаған қара күш
Иелерін ұйыстырған амалдап.
Мойындайық парыздар бар әкелік,
Киім, тамақ, тәрбиемен өтеліп
Жатар мейлі,
бірақ не тең анаға
Ақ сүт берген дүниеге әкеліп.
Алмайтыны таңдап ата-ананы,
Секілді дәл таңдамайды баланы.
Ылжыраған «шикі өкпеден» кім ғана
Ойлайықшы өсіреді дананы.
Нәзіктігін таныса да әлем боп,
Ердің ісін атқаратын әйел көп.
Бөрік бұлдап, сырғисындар сынаптай
Мойындамай, баяғы сол әйел деп.
Нәзік туса, батыр туған анадан,
Ол да заңды,
дүние егіз тараған.
Әлсіздігі – қасиеті әйелдің, –
Деген нақыл қалған ойшыл данадан.
Сұлу сырын тебірене тереңнен
Толғап,
түгел жеткізе алмай өлеңмен
Поэзия иығына қондырып,
Жырламаған ақын тапшы әлемнен.
Әйелдің көп нашарынан тәуірі
Еркектің де бар не түрлі қауымы...
Дүние тегіс жаралмаған демей ме
Әрқилы ғой мінездердің ауылы.
Санап, тізсем, қай міндерің таппаймын,
Сондықтан да әйелдерді ақтаймын.
Төзімділік, қайсар қайрат үшін де,
Әйелдермен мақтанамын, мақтаймын.
Сұлу көрсең, үймелейсің шыбындай,
Ызалысың ұшпағанға жұлындай.
Нәзік болса, гүлдей шығар,
ол дағы
Бүр ашады ызғырыққа ұрынбай.
Бір жұтымның буыменен бөскенде,
Батып ауыз аша алмай еш пенде...
Бұл қылықтар өтсе әйел басынан
Айтыңдаршы, еркек, сірә, кешкен бе?
Әйелі бар үйдің оты өшкен бе?
Тозып ұя ырызығы көшкен бе?
Түн оздырып, әлдеқайдан түрегеп
Келсе әйел,
еркек әсте кешкен бе?
Күту керек болса, әйел талған ба?
Ері үшін әрекеттен қалған ба?
Бір қырсықпен сібір кеткен әйелді,
Іздеп, айтшы, еркек, сірә, барған ба?
Әйел қалса, ер түтіні өшпейді.
Еркек қалса, өз өмірін екшейді.
Ұзағанда жылға жетіп,
төсегін
Жаңғыртады,
кешпе мейлің, кеш мейлі.
Ар мен намыс әйел, ер деп бөлмейді,
Жыныс талғап өнер дағы келмейді.
Талантыңмен табындырсаң еліңді
Ер емессің неге деп кім тергейді?
Нені пенде көріп, неге көнбейді!
Әйел ерсіз, ер әйелсіз өлмейді,
Бірақ әйел сүйемесе рухымен,
Бір қолың жоқ тәрізді ісің өнбейді,
Өміріңнің мәні бар ма әйелсіз?
Десең айтшы бұл сөзімді дәлелсіз!
Әйелсіз де жер үстінде өмір жоқ,
Болмайтыны тәрізді дәл ел ерсіз.
«Жақсы әйел,
жаман ерін би қылар.
Жаман еркек,
жақсы әйелін ій қылар»–
Деген нақыл халқымыздан тараған
Қадір тұта қабылданар, сый қылар.
Демен әсте мұның бәрін білмейсің,
Қаперіңе біле тұра ілмейсің.
Еркекті піл, әйелдерді шіл дейсің...
Артық қадам басып кетсе, күңдейсін
Осыдан соң еркекпін деп дардайсың.
Әйел қоспақ, өзің ғана нардайсың.
Біле-білсек мұның бәрі ар жүгі
Арын аттау азаматқа қандай сын.
Анаң,
қызың,
әйел заттан
бауырың
Өміріңнің жеңілін де ауырын
Бөліседі,
қызметіңде...
ендеше
Неге олар қырсық басы – жауырын?
Неге олар қадірлеуге тұрмайды?
Неге ісі мойыныңды бұрмайды?
Кемістігін ғана көріп әжуа
Етуді
еркек неге намыс қылмайды?
Ісімізде болу үшін ұнасым,
Ненің болсын әділ сөйлеп расын,
Бұтаққа атып, терекке оқ тигізбей,
Айтқан абзал әркімнің өз кінәсін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өлеңім

  • 0
  • 0

Өмір шіркін жел тәрізді
Құбылатын жылына мың.
Тоңсам, өлең жазамын да,
Қызуына жылынамын.

Толық

Жақындарыма

  • 0
  • 0

Пана болып-ақ бақтым мен сендерге
Қарсы тұрып тағдырдан келген керге.
Сан еркекке алдырмай көкірегімді,
Намыстарың жібермей менмендерге.

Толық

Келіндерге

  • 0
  • 0

«Қызға қырық үйден тыйым»
Деген сөз түсіріп иін.
Кертартпа саналады бір кез
Әйгілеп әйелдер күйін.

Толық

Қарап көріңіз