Бақыт
I
Қайда бақыт, қайдасың мен іздеген?
Келем бе әлде жүре алмай дәл ізбенен.
Бірде мекен сезілсе ақ қанатың,
Бірде құрдым түбінде тәрізденем.
Қырда ойнаған құбылып сағымдайсың,
Сан іздесе, сабылтып табылмайсың.
Алыстасам, ақырын тағы ымдайсың
Тағы ымдайсың, тағатты тағы ұрлайсың.
Бірде ілініп қолыма, жуық келем,
Көңіліме сен бар деп түйіп терең.
Тәуекелге белімді қынай буып,
Көзді жұмып мен сені қуып келем.
Қайда бақыт, қайдасың мен іздеген?
Келем бе әлде жүре алмай дәл ізбенен!
Бірде мекен сезілсе ақ қанатың,
Бірде құрдым түбінде тәрізденем.
II
Сор мен бақыт екі араң бір адым жоқ,
Баянсызсың, мекенің, тұрағың жоқ.
Жел көңілді желіккіш жетелейсің,
Шындап жағар алдына шырағың жоқ.
Сен соныңмен бүгін бар, ертең жоқсың,
Қызықтырғыш қызылсың, жанған шоқсың.
Бұлаңдаған айлакер қызыл түлкі,
Алдауға бар аярсың, шынға жоқ сын.
Мекерлікпен етесің ақылды ашын,
Арбаушыдай аулайсың ықыласың.
Қысылшаңда «қырсықты» ұстап беріп,
«Тағдыр» атын жамылып құтыласың.
Бақыт десе бар көңіл тұрады алаң,
Кей сабырлар сарқылып тұралаған,
Бақыттымын деп ешкім бас тартпайды,
Жер үстінде бір саған құмар адам.
III
Ал сенелік, бола-ақ қой ақ құс мейлі,
Көп айтқандай жұп емес, тақ құс мейлі!
Жақсылықтың сен дейін жиынтығы,
Соның өзі аспаннан кеп түспейді.
Үмітке арқау бол мейлің құсқа балап,
Күтсін көңіл қонар деп өзі қалап.
Шын бақытты сонда да – бейнетқор жан,
Жетер мақсат, алдына қойған талап.
IV
Қай назарды баурамаған бақытсың,
Баз біреуге лауазымсың – тақытсың.
Баз біреуге киген киім, ішкен ас,
Баз біреуге көңілді өткен уақытсың.
Баз біреуге бақыт деген – даңқ, атақ,
Тізе берсем, түгеспеспін сені атап.
Адамдардың бір қатарын осылай,
Келесің ғой тұтқын етіп сен матап.
Аталғанның ішінде жоқ шамалы,
Талайы асқан жетер жыртып жағаны.
Алакөз ғып, әттең, іні-ағаны,
Көпке тегіс жетпейсің бір жаманы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі