Ұлпа қар – Тұрсынхан Әбдірахманова

Бұл бетте «Ұлпа қар» атты Тұрсынхан Әбдірахманова жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 29.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1037
Жер де аппақ,
көк те аппақ, көркем неткен
Шоқ ұлпа тік құлайды торғын көктен!
Мөп-мөлдір таңертеңгі тұнық ауа,
Япырай, жел болсашы-ау бір уф еткен.
Ақ үлпек баяу қалқып үлп-үлп еткен
Қайынды қалыңдықтай үлбіреткен.
Теректің әр бұтағын ақ мамыққа,
Тәрізді әдейілеп орап кеткен.
Көркінен көзіңді алмай қарағандай,
Қайсыбір нәзік бұтақ көтере алмай.
Ақ ұлпа төмен сырғып күрп еткенде,
Ақ боран алай-дүлей борағандай.
Оранған ақ мамыққа танап қандай!
Емес пе көңілде күй боратқандай?
Нұр төгіп тамылжыған бұл сұлу таң
Сан сырлы сезіміңді оятқандай.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері