Өлең, жыр, ақындар

Ақ шабақтар

  • 03.08.2021
  • 0
  • 0
  • 531
Тулаған теңіз ашулы мана,
Момақан енді, бүлдіршін ғана
Бесікте бөбек әлдиде жатып,
Ұйқыға тәтті берілген жаңа.
Көгілдір айдын көңілдің хошы,
Көңілдің хошы, жанымның досы
Сәттерде осы шақырады ымдап
Теңіздің дарқан көк торғын төсі.
Қос қолым ескек, қайықпен өзім,
Мұндайда билеп дара бір сезім.
Қамынан тірлік арылып мүлде,
Сәбидей мұңсыз болады кезің.
Жылжимын ерке толқынды бойлап,
Жалықпас сынды жүзуден айлап.
Бір сәтте үйдің орнындай аумақ
Қазандай шұрқ-шұрқ жөнелді қайнап.
Ал керек болса, ғажайып жұмбақ...
Толқиды баяу көк мамық құндақ,
Сағына сүйген су бетін шөп-шөп
Жаңбыр ма әлде деп қоям тыңдап.
Білгенше жаның табар ма тағат,
Жылжимын алға жанарым қадап.
Алаңсыз орғып, айдында осы
Салып жүр ойнақ бір үйір шабақ.
Кішкене алмас қылыштай жайнап,
Атылып көкке, секіріп, ойнап,
Жалт беріп тағы сүңгиді кейін,
Жебедей терең толқынды бойлап,
Шабақтар ойнап сабалап суды,
Алаңсыз тіптен, білмейді мұңды.
Қимылсыз қарап тамаша қылған
Жүректе бір ой менде де туды.
Теңіз бе мейлі, тау ма әлде бөтен,
Әйтеуір жерді етуші мекен.
Жан біткен осы ақшабақтардай
Шаттықта ылғи бола берсе екен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Нән

  • 0
  • 0

Жаныңнан өтті сонау нән...
Оралды кері сәлемің.
Аяндай басып соңыңнан
Абайлап бәрін келемін.

Толық

Ең қиын жұмбақ деседі адам тегінде

  • 0
  • 0

Ең қиын жұмбақ деседі адам тегінде,
Түсінен гөрі, шатқалы қиын ішінің.
Бір күліп өте шығамыз-дағы көбінде,
Безбенге түсе бермейтіні бар ісінің.

Толық

Көлеңкемді қай сыныңа түсірдім?

  • 0
  • 0

Көлеңкемді қай сыныңа түсірдім?
Мен өскеннен кімің кәне кішірдің?
Қадамыңа тұсау болып қайысыңды
Орға қарай қай биіктен ұшырдым?

Толық