Дін
1
Дін деген мансұқтадық апиын деп,
Көріп бір келгендей-ақ хақ үйін деп.
Рухани тазалыққа уағыз жолын
Жауыппыз жаңа өмірге жат түйін деп.
Уағызы діннің — борыш, обал, саулап,
Әр адам ету абзал соған тауап.
Бұларды ойлағанның ерісі озық
Күнәдан пәк, бір ісі кетпес науат.
Парызың имандылық, қайрымдылық,
Қайырылу кем-кетікке мойның бұрып.
Ораза, намаз, қайыр-садақаңыз
Төркіні тәрбиенің — ғажап ғұрып.
Барласаң, дін сенімнің, пиғыл ойың —
Жан мен тән тазалығы — тұла бойың.
Пақырдың қиянат қып қақын жемеу
Ұрлыққа, қулық, өтірік тұрмау бейім.
Дін — тәсіл, қоғамды адал жолға бұру
Қалтқысыз адалдыққа ниет ұру.
Халыққа пәктік жолын нұсқағанды
Адамдық анасы деп керек ұғу.
Алла де, пайғамбар деп ата мейлің
Халыққа кім бар бұлай берген пейілін.
Ниет қып дін уағызын ұстағанның
Жаны пәк, ар-ұжданы таза деймін.
2
Дін — осы. Мұның несі кері кету?
Зияны қайсы? Кімді еңірету?
Пәндалық — алтын көріп жоқтан таю,
Амалдап көңілі ауғанға иелік ету.
Өз ісі адамдардың дін бұрмалау.
Жасырып залымдығын қымқырмалау.
Күншілден, дүниеқоңыз, өзімшілден
Тарайды дінге сүйеп іс шырмалау.
Адамға қандай жыртқыш бағынбайды,
Еркіне жіберсе, адам не қылмайды!
Қиянат, қастық, жаза, айла-амалға
Адамнан асқан шебер табылмайды.
Үңілсек төркініне терең бойлап,
Құбылта кеп шариғат деп орайлап...
Бұрмалап дінді өзінің пайдасына,
Не түрлі табады ғой азап ойлап.
Адамнан арыстан да қаймығады
Жолбарыс жолдан шығып ол бұғады.
Адамның жыртқыштығы жасырулы,
Алдында тұрған қас деп кім ұғады.
Ғаламға үңіліп көр қай ғасырда
Болмаған ардан аттап, айла асырған.
Үйіріп діннің заңын саусағында
Талайлар жұмсаған өз пайдасына.
Ендеше, гәп дінде емес, адамдарда,
Үндемей қапқан иттен жаман бар ма!
Ізгілік, зұлымдықтай мәңгі айқастың,
Көзі — адам жер жаралған замандардан.
Керенау, кердең сыздаған
Лауазым, атақ маңайым
Аулынан озып бір қадам
Шықпайды билік, ағайын!
Зымиян, залым, жымсықтың
Өсіріп өріс, талайын
Оңынан дағы солынан
Туғызып болды жаңа айын.
Сеніп-ақ қалсын шырағым
Көрмей-ақ күннің арайын
Бойыма туа бітпеген
Жағымпаздықты қайдан алайын!
Жарыла жүріп ағымнан
Ақ қырау болды самайым.
Өзгермей осы қалпымда
Тәңір алдына, достарым,
Аман-есен барайын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі