Ұлы жыр
(«Елім-ай» дастанына)
Жазира жапан түз
жамылған кежім – жыр,
Тарихым қашалған тастарға көгілдір.
Күн түбін жаңғыртқан тұлпардың тұяғы,
Жұп-жұмыр әлемді айбатым кезіп жүр.
Тамырым тараған көк мәрмәр тастардан,
Бұтағым бұлдырап көрінер аспаннан.
Қаны мен жасына қауырсын суарып,
Еһ, есіл бабам-ай!
Хұсни хат жазған.
Орманбет өлгенде, Он ұлым бүлгенде,
Дұшпаным дүбірлеп, ат ойнап іргемде.
Көлікке қос артып еңіреп ел көшті,
О, жалған!
Ес кетіп, бақ ауды бізден де.
Омбыдан ойқастап ышқынған қара жау,
Қу қонбай құлазып мұнартқан жағалау.
Ежелден дұшпанның көз сұғы сұқтанған,
Самұрық қанаты
талатын далам-ау.
Шығыстан ысқырып жебесі қалмақтың,
Жел қуған тағдыры жазылып қаңбақтың.
Мұсылман баласы Қоқаннан не қайыр?
Қай жақта Хиуа, Түрікпен ардақтым?..
«Құл көнді, Құдайдың салғаны осы» деп,
(Расы қазақтың өзіндей досы жоқ).
Ел көшті ағайын, туғаннан айырылып,
Ел көшті бөлінбес іргесі сетінеп.
Азабын арқалап ауған ел ақтабан
Алқакөл сұлама, ақ түтек ақ боран...
«Елім-ай» ақтарам...
Сөйлейді ғазиз жыр:
«Қазақтың көз жасы көлкіген хат болам».
Оқимын үздігіп,
Үңіліп өткенге,
(Көп сырым тұр анау –
Туымда көкпеңбек).
Сорасы сорғалап қазақтай қай жұртта,
Зар айтып Қаратау басынан көшкен жоқ.
Көшкен жоқ... Қара тау басынан нар құлап,
Қу томар сүрініп құлан жал арғымақ.
Қайыңды идіріп сүт – сөлін сауған ел,
Құзғынды қуантты сүйегі саудырап...
«Елім-ай», «Елім-ай»,
«Елім-ай», «Елім-ай»!..
Боздасам бозарған кетердей еріп Ай.
Қожекем жырлаған запыран заманды,
Жазмышқа жазудан сақтай гөр,
Е, Құдай!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі