Сәбидің өліміне – Сәбит Мұқанов

Бұл бетте «Сәбидің өліміне» атты Сәбит Мұқанов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 1380
Дейтін де «бала адамның бауыр еті»,
Бауырымның жарылғандай болып еті,
Барады өртеніп іш!.. Неткен жара!..
Жазуға келер кімнің құдіреті?!
Атасам «Арыстаным, құлыным!» деп,
Сыздайды суырғандай жұлыным кеп!..
Тартылып баратқанда көз жанары,
Адам емес, аң болып ұлыдым кеп?..
Қарасам, жасты көзбен ұсқынына,
Әкесін аяуы ма, «мысқылы» ма? —
Кеудеден жан ұшарда езу тартты,
Қуаты жетпей жатып ышқынуға!..
Мен неге тірі отырмын болып бейбақ?!.
Қайғының теңізіне кеттім бойлап...
Жансыз боп сәби дене созылғанда
Бетінде қала берді-ау қаны ойнап!..
Кемгенде сол қан тұрды кескінінде!..
«Жаны бар ма?!» «Іңгәсін» естідім бе?!»—
Дегендей сезім тулап, жас қабірді
Құшақтай жата қалдым өксідім де.

1926


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері