Жаса, Украина
Жерім, суым, тарихым, тағдырым бір,
Тату-тәтті тетелес ескен құрбым,—
Украина, құлдыққа көнбей сан жыл,
Азаттық биігіне құлаш ұрдың.
Қадала бүйіріңнен қысқан жаумен
Қандаса кескілесіп салдың соғыс,
Тең болып паналығы асқар таумен
Жәрдемге келді сонда саған орыс.
Ол — сенін, қонысы бір, қаны бірге,
Бір әке, бір шешеден туған ағаң.
Екеуің күш қосқанда бекіп ірге,
Жауларың бата алмады дардаңдаған.
Сен ғана емес, барлық бауырласын
Алды да орыс халқы панасына,
Деп: «бәрің теңдес және қатарласым»
Етті ортақ аталық бай мұрасына.
Туысқан Россия халықтары
Орыстың адымы зор басты ізін.
Барарын қайда олардың анықтады
Сәулесі күннен күшті ленинизм.
Көтерді бұл сәулені қолда ту ғып
Бастаушы жеңістерге Компартия.
Жіберді талай шөлді орман-ну ғып,
Советтің алып күшті ер халқы да.
Қолынан совет халқы жасағанда
Болмаған еш тарихта кереметті,
Үлгі боп бұл іс барлық дос адамға,
Жұмыла осы жолға бұрды бетті.
Ұран бір — көкте емес, жерде орнату
Жайнаған адамзаттың бақыт жазын,
Достықпен бар адамды тәтті-тату
Жасату жарастырып әзіл-назын.
Советтік Ұлы Отанда өсірдік біз
Гүлдері шешек атқан ғажап бақша.
Құлдықтан өзі түгіл қалған жоқ із,
Қайнаған қарқынды еңбек бал бұлақша
Суарды гүл бақшаның өлкелерін
Достықтың өзендері шалқи тасып,
Жемісін бұл бақшаның ел тереді,
Шын сүйіп бір-бірімен араласып.
Сан ғасыр қиял етіп тапсақ әрең
Осындай мәңгілік жаз қонысты біз,
Бұл іске тарих куә, куә әлем,—
Өзгеміз ұлы орысқа борыштымыз.
Сол бізді бастап келген мұндай жазға,
Сол бізді тар қыспақтан шыққан алып,
Сондықтан саны көп пе, яки аз ба,
Айтады шын алғысын барлық халық.
Украина, айтасың сен де алғыс,
Алғысымды айтамын мен де үн қоса.
Гүлде, Украина, бұдан да гүлдене түс,
Қуаттан, көркей, жайнап мәңгі жаса!
1953
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі