Жазған-ай, осы күйден арылмадым – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Жазған-ай, осы күйден арылмадым» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 580
Жазған-ай, осы күйден арылмадым,
Неге мен сөнер жерде жағылғамын?
Жатырқап отырысым мынау ендi,
Әлемдi, дүниенi...
бәрiн, бәрiн.
Жоқ едiм күйiмдi осы тiлеп алған,
Қай кезде шығып кеттiм күре жолдан?
Алдайды алабұртып бақыт менi,
Мысқылдап жымияды, күледi арман.
Сүйгемiн, сүйе берем өмiрдi мен,
Мың сұрақ болып шықсын жолым кiлең.
Бiр мұңды жүрегiме артып алып,
Өзiммен-өзiм әуре болып жүрем.
Көзiмнен кетпей қойды сағым қанша,
Мен алыс көрмеп едiм тауымды онша.
Жөн едi өрлегенiм, талпынғаным,
Белгiсiз әлдененi сағынғанша.
Жазған-ай, осы күйдi қайдан таптым?
Мен оның қазығында айналмақпын.
Өмiрдi сүйемiн мен...
өмiр менi,
Қажет деп бiле ме екен?
...ойланбаппын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері