Мен бәрiн де түсiндiм – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Мен бәрiн де түсiндiм» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 800
Мен бәрiн де түсiндiм...
Сен деп тiккен туымды, келмеп едi түсiргiм.
Менiң аққу мүсiндiм,
Қош айттым да өткенге,
Өртенсе де от-кеуде,
Сенi көкке ұшырдым.
Жерге түспей қалықта,
Қанатыңды сермей бер бақ нұсқаған бағытқа.
Шарықтаудан жалықпа.
Шарла жетiп ай төсiн,
Сен де түсiп қайтесiң
Пенде сыяр қалыпқа?
Көкiректе арман көп.
Мойынсұнып жүрейiн алыс кетiп қалған деп.
Мынау өмiр – жалған деп.
Жаныңды әсем жырлатып,
Бақыт жетсiн түн қатып,
Аяласын таңнан кеп.
Түсiнгенмiн мен бәрiн.
Қиялыма құмартып, тағы өзiмдi алдадым.
Менiң мұңым – арда мұң.
Сен қайырылма, үңiлме,
Жүрегiмнiң түбiнде
Сен деп салған қалды әнiм...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері