Сызат тез сызылып сенімге – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Сызат тез сызылып сенімге» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 651
Сызат тез сызылып сенімге,
Санаға жүк болып сөз бөтен,
Осынау ғұмырда, өмірде,
Көңілдің қалуы тез екен...
Ақжарқын күлкі жоқ кешегі,
Төнгендей кенеттен қара аспан,
Бейбақтай сор-мұңы бес елі,
Жандай боп қаласың адасқан.
Өзіңді дағдартып ісің кей,
Сиқыры тартпай еш елестің,
Өзің де ешкімді түсінбей,
Түсінбей қояды сені ешкім.
Бұртиып бекерге балаша,
Әлемді жаулардай өкпемен,
Қала алмай өзіңше, оңаша,
Жүре алмай жүресің көппенен.
Шайқайсың басыңды ой сіңген,
Іздейсің қайтадан жарасым.
«Бәрі де өтеді» дейсің де,
Бәрін де кешіре саласың...
Кешірмей сен қайда барасың?..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері