Уақыт деген құрықтың – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Уақыт деген құрықтың» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 678
Уақыт деген құрықтың,
Арқаны түспес кей адам...
Отызға толған жігітпін,
Қалайша жаспын дей алам?
Салмақтан талып білегім,
Санамды қажап өткір ой,
Арпалыстардан жүрегім,
Қартайып әбден кетті ғой.
Ойсызға ғана бар тыным.
Артты да жүгін зілмауыр,
Жүзімнен жастық жарқылын,
Көшірді тез-ақ бұл дәуір.
Білемін тегім-жөнімді,
Ұятым үшін ар мекен.
Отызға келіп, өмірді
Танымайтындар бар ма екен?
Мен отыздамын.
Жаспын ба?
Жастықтық кештім өртін көп.
Қырық тұр қырдың астында,
Елу де келер елпілдеп.
Таныған өмір өрнегін,
Отызға келген «қартыңмын».
Көп шығар әлі көрмегім –
Дайынмын.
Сымдай тартылдым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері