Ауыл кеші – Мерей Қартов

Бұл бетте «Ауыл кеші» атты Мерей Қартов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.09.2021
  • 0
  • 0
  • 929
Маңай толы – май қараған.
Маңдай сипар майда жел.
Қыр басынан Ай қараған.
Қызыр қонған ойда ел.

Қоңыр дала күйін төккен,
Қоңыр тірлік үй-іші.
Мұрын шалар қиыр беттен,
Қоңыр қидың иісі.

Шым-шым терлеп шал күрсінді,
Шөп сурып маядан.
Жұлдыз ақты тағдыр сынды,
Алтын нұрмен бояған.

Суыған ат осқырынды,
Суық кешке дем үрлеп.
Тау күрсінді қасқырүнді,
Қырау түсті шегір көк.

Әңгімешіл аңшы жігіт,
Құз жаңғыртқан күлкісі.
Қолында бар қамшы-құрық,
Қырға сіңді жылқышы.

Ғашық жанда күбірлесіп...
Жас жүректе – гүл-қауыз.
Ауыл кеші ғұмыр кешіп,
Алаулаған жыр нағыз!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері