Қайда тұрасыз дейсің – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Қайда тұрасыз дейсің» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 715
Көшесі алыппен аталатұғын,
Бақтары гүлмен жасанатұғын.
Қыраны көкке көтерілерде,
Алатау қарттан бата алатұғын.

Жүзімді желге сүйдірмейін деп,
Тәнімді күнге күйдірмейін деп.
Әйнектерімді жапырақ жапқан,
Қабаттап лыпа кидірмейін деп.

Қыздары сұлу көзі жайнаған,
Ғашық болмасқа тегі қоймаған.
Біреудің жанып бақыт жұлдызы,
Біреудің қаңғып соры қайнаған.

Қарбалас тірлік санада күмән,
Біресе жаңбыр, біресе тұман.
Жағасы-жайлау, етегі-шаһар,
Алматы дейтін қалада тұрам.

Жыр жазып тауысам сияның бәрін,
Қағазға ойдың жиямын нәрін.
Бір азаматтың алақанындамын,
Біраз кісінің қиялындамын…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері