Сол күні – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Сол күні» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 841
(Сәкен Иманасовтың қазасына)

Туу, өлу десек дағы заңдылық,
Тағы да бір кілт үзіліп қалды үміт.
Аямайтын болып алды сұм ажал,
Қара өлеңді қариясыз қалдырып.

Жырларыңыз қою еді мақпалдай,
Әр сөзінің салмағы бар батпандай.
Анадайдан келе жатқан тұлғаңыз,
Бүкіл ауыл көшіп келе жатқандай.

Елім десе сөз бастадың еңіреп,
Жырды тыңдап шуласатын төңірек.
Сахнада саңқылдаған дауысың,
Естілетін бір кісіден көбірек.

Ізіңді іздеп мүлгиді үнсіз қала, бақ,
Күңіренді ұлын жоқтап дала жақ.
Аңғал-саңғал өтті тағы бір ақын,
Кезіп кеттім сөрелерді аралап.

Күннің көзін бұлт торлады сол күні,
Сөгілгендей шекпен жырдың қолтығы.
Шерлене кеп жағаны ұрып жатты ұзақ,
Алабұртқан Алакөлдің толқыны.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері