Өлең, жыр, ақындар

Тұман

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 488
Мен тауларға, таулар маған құмартып,
Таудың үстін бұлттар қаптап, мұнартып.
Тартатынбыз тараған соң мектептен,
Жирен атқа ұсақ-түйек жүк артып.

Мен бұлаққа, бұлақ маған ентелеп,
Мен шалғынға, шалғын маған еркелеп.
Келген қонақ аң-таң болып қайтатын,
«Сурет сынды қандай ғажап өлке!» деп.

Беттен шөмшек терген сайын ет қызып.
Мәз боламыз бұлақтан су жеткізіп.
Жалғыз сабақ шуда жіпке жарма құрт,
Тізеді апам ортасынан өткізіп.

Жарма құрттар керегеге ілінген,
Жасамаған бірін артық бірін кем.
Береді оны қаладағы туысқа,
Бірі қағыс қала қоймас тізімнен.

Сұлу еді, кербез еді дала тым,
Жырласа да түгетпестей бар ақын.
Қызғанғандай сұлулықты сырт көзден,
Оқта-текте тұман басып қалатын.

Тұман емес бұлт басқандай күй кешіп,
Мен аспанмен, аспан менмен тілдесіп.
Күбірлесіп отырады үлкендер,
«Қашан ғана айығар бұл күн» десіп.

Ертесінде күннің көзі ашылып,
Кемпірқосақ көкжиекке асылып.
Ақ боз үйлер ағарады асықтай,
Ойыннан соң қалған жерге шашылып.

Қолды созып айға кеткен арманға,
Уайым жоқ көрінетін жалғанда.
Қалып қойғам қалың тұман ішінде,
Бөктер жаққа отын тере барғанда.

Аспан жермен, жер аспанмен астасып,
Жалғыз қалдым төңірекпен қоштасып.
Көрінбейді мұнар басып қалғандай,
Қамшы тастам төңіректен басқасы.

Салған бейне шыны әйнекке мүсінсің,
Ақ түбіттер осындай-ақ түтілсін.
Адастырар нән жігітті тұманнан,
Қаршадай қыз қалай ғана құтылсын?

Жүре бердім бір шетіне шығам деп,
Жалғыздыққа төтеп берер шыдам жоқ.
Дымым құрып, жүре-жүре шаршадым,
Бірақ меннен қала қояр тұман жоқ.

Көп тұманда жүрсін бөтен жан қандай?
Тағдыр мені бір сынаққа салғандай.
Жайшылықта жағы сембес жолды аяқ,
Мыңқ етпейді ине жұтып алғандай.

Жылай-жылай өкпем қысып деміккем,
Мынау ғажап құбылысты көріп пе ең?
Адам ылғи адасқанда бір жерді,
Қайта-қайта шиырлайды неліктен?!

Атқан кездей енді ғана таң сызып,
Тұман шеті бара жатты аршылып.
Жинап кеткен жарты құшақ шырпы да,
Жатыр міне мөлдір шыққа малшынып.

Асығамыз біреу қолын созғандай,
Желігеміз самал желден озғандай.
Тұман түбі бір сейілед екен ғой,
Киіз үйдей тұра берсем қозғалмай.

Тани алмай қасым менен досымды,
Ғазиз жүрек талай жерден шошынды.
Меннен қалмай қойды ма екен сол тұман,
Күмәныма күдік келіп қосылды.

Күдер үзбей жаны жайсаң кісіден,
Мына өмірде жақсы көп деп түсінем.
Айығар деп ұзақ күттім қозғалмай,
Шығып келем тұмандардың ішінен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қар көңілім жауып тұр

  • 0
  • 0

Өзің келіп мынау күйден сауықтыр,
Бассалуға оқталады бөрі- мұң.
Сағынышын баса алмаған жауып тұр,
Саған деген менің аппақ көңілім.

Толық

Алмасы да албыраған қалада

  • 0
  • 0

Жылжып емес, жылдар зулап бара ма?
Өшпейтіндей із қалдырып санаға.
Келдің несін сезіміңді өртке орап,
Алмасы да албыраған қалаға?

Толық

Бес әріп

  • 0
  • 0

Бекер ғана қол ұстасқан екенмін,
Сағыныштың тереңіне матырдың.
Үнсіз қалдым, сөйлеу менің не теңім,
Мұндай кезде өзі артық ақылдың.

Толық

Қарап көріңіз