Ақша бұлт – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Ақша бұлт» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.09.2021
  • 0
  • 0
  • 728
Ақша бұлт. Сен армансың көкте жүрген,
Сен жаусаң гүлдер жайнап көктем күлген.
Арудың көйлегіндей үлбірейсің,
Именіп ақбоз үйге еппен кірген.
Қарашы туған жердің хал-жайына,
Бүршік те шықпай қойды тал бойына.
Сені аңсап қара тауда құлазиды,
Жартастың тамшы тимей таңдайына.

Ақша бұлт сен армансың қол жетпеген,
Өзіңді жел ме тәйір тербетпеген?
Тұрғанда бар табиғат ғашық болып,
Жайыңды түсінбедім селдетпеген.

Мұсылманға ақ нәрсе киелі екен,
Қара жер де сен жаусаң ійеді екен.
Қалжырап қалғып жатқан қайсы тауға,
Ақша бұлт ақ маңдайын сүйеді екен?!

Атады деп алдымнан күліп таңым,
Сезімімді қымтадым, суытпадым.
Сеннен бійік болуды аңсамаймын,
Келеді саған ғана жуықтағым.

Ақша бұлт. Сен армансың көкте жүрген…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері