Суықтық туралы жыр – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Суықтық туралы жыр» атты Темірхан Медетбек жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 583
Солтүстіктегі
Көрші елден соққан
Суық циклондар
Қазақстанның бүйіріне
Шаншудай қадалып тұр.
Сол суықта
Ауыл, қалалар
Белшесінен қарға көміліп
Тұтқынға түскендей
Қамалып тұр.
Дүние
Қанын ішіне тартып,
Қабарып тұр.
Мына суықтың
Сұрапылын-ай!
Борасын, борандарының
Бірде оң жақтан,
Бірде сол жақтан
Үйіріліп соғып
Ұратынын-ай.
Жатып қалған малдар
Сол бойында
Серейіп қатып қалады.
(Құдай-ау,
Мына суықтан
Адам түгілі
Жын- шайтандарыңыздың өзі
Естен ауысып
Әлденелерді айтып
Шатып барады).
Ұшып бара жатқан құстар
Дәл аяғыңның астына
Лақтырған тастай боп
Топ ете түседі.
Дірдектеп тұрсаң да
Жүрегің
Солқ ете түседі…
Басқаны былай қойғанда
Үстіне
Қырау мен қардан
Тон киіп алған
Мәшиналарыңның өзі
Жүріп бара жатып
Тұрып қалады.
Әйтеуір мына дүние
Дәл қазір
Халыққа қараған
Үкіметтің қабағындай боп
Суып барады.
Алла жар болсын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері