Қайтемін бақыт сұрап бақыттыдан – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Қайтемін бақыт сұрап бақыттыдан» атты Қанипа Бұғыбаева жазған бақыт туралы өлең берілген.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 647
Қайтемін бақыт сұрап бақыттыдан,
Барлығын бүріп түсер уақыт қыран.
Жанымды қамшылап бір қарыздарым,
Шошынып төсегімнен атып тұрам.
Сол үшін кімді барып айыптайын,
Жабысқан осы дерттен айықпайын.
Тербелсін менің ағаш кереуетім
Жел тұрған теңіздегі қайықтайын.
Айта алмай жүрмін көптен тасып бір ән,
Өзіммен бірге бәрін асықтырам.
Жетпеген арман оты сезім қарып,
Ұйқыдан түнде жиі шошып тұрам.
Жетпеген арман оты, жанады үміт,
Жылжиды бауырымен жаралы бұлт.
Ақынның көңіліндей ашық тұрған
Кіреді есігімнен боран ұлып.
Ақ боран, ақ боз атты далада тұр,
Секілді ай қылышты дара батыр.
Оянған көкірегімнен көп арманым
Көтеріп көк аспанға бара жатыр!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері