Өлең, жыр, ақындар

Жарты дүние, жарты күн, жарты жаным

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 612
Жарты дүние, жарты күн, жарты жаным,
Құмға сіңген дариядай тартыламын.
Балапандай жүрекпен мен өзіңе
Таңғы алауға шомылып талпынамын.
Жарты жүзін бұлт бүркеп күн күледі,
Жыр тілейді бір түрлі мұңды реңі.
Екі жүрек қосылса, екі жарты
Бүтінделіп кетпесін кім біледі?
Сынык, арба сияқты сырғып келем,
Көңіл сәби ішіне сыр бүкпеген.
Қара жерге кірпіктен құлап түсер
Бір тамшы жас екен-ау тірлік деген.
Сездіреді қандай сыр мынау күлкің,
Айналаның қуалап тұман-бұлтын.
Біреу үшін махаббат деген ұғым
Алданудан, алдаудан тұрар мүмкін...
Сыбызғыдай сыңсиды жаным менің,
Кең даланың сағынып дауыл, желін.
Жарты әйелмін бұйырған жарты бақыт,
Бүтін емес жарты алма – жарым көңіл.
Бүтіндікті тілеймін, сағынамын,
Қашан менің түнейді бағыма күн?
Құрай алмай өзімді тынып іштен
Тас кеп тиген әйнектей шағыламын...
Сәлем берсең дейтұғын «шүкір, күнім»,
Қара жердің көтерген бүкіл жүгін.
Әжем берген жарты құрт көңілменен
Бір өмірдің аңсаймын бүтіндігін...
Өртенеді ойлармен салқын ішім
Жеткізе алмай жүрекке алқынысын.
Мен өмірге шырқырап келдім бе екем,
Арман шөлдің азабын тарту үшін.
Келе берсін маған да кезек мейлі,
Елеусізді ешкім де сөз етпейді.
Жарты бақыт жарты айдың жүзіне ұқсап,
Бұл жаныма білмеймін, не жетпейді?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Он төртім бе, он бесім бе, беймәлім

  • 0
  • 0

Он төртім бе, он бесім бе, беймәлім,
Сүю жайлы алғашқы рет ойладым.
Өте шықса құрбы бала ысқырып,
Жүгіруші ек қарсы алдына айнаның.

Толық

Есенинге

  • 0
  • 0

Төрімде суретің тұр гүл ұстаған,
Бет – бейнең неткен ыстық туыс маған.
Толқындай жирен сары бұйра шашың,
Өлкеңе ұқсайды екен күн ыстаған.

Толық

Адам – ағын, толқынды заман – арна

  • 0
  • 0

Адам – ағын, толқынды заман – арна,
Күн көтеріп уақыт барады алға.
Тізгін тартып, қайрылып қарамайды,
Үкім айтып үстінен қарағанға.

Толық