Өлең, жыр, ақындар

Тағылымнан тәлім

  • 08.08.2021
  • 0
  • 0
  • 368
Оқып, жаттап Абайдың сөзін теріп
Өзгелердің бойынан ғана көріп,
Өзімізге жолатпай айтқан сынын
Бүгінгілер келеміз көкірек керіп.
Таң қаламын, өзара жау емеспіз,
Бірақ әсте жүрмейміз дау, егессіз.
«Ақыл сөзге ынтасы шабандаған»
Бүгінгілер біз сірә сау емеспіз.
Данышпан боп кетерміз білсек бәрін...
Әйтсе дағы көңіліңе құяр нәрін
Еңбектен соң адамды адам етер —
Өнер-білім, ұстанған ғибрат, тәлім.
Тұнып тұр ғой сол ғибрат ұлы Абайда
Ала білсе, зерделеп жиса бойға.
Тікенсіз гүл, жылансыз кен жоқ дейді
Толғанар көп, достарым, салып ойға.
* * *
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырымдатып.
Абай
Кім туралы не демейді бұл орта
Ар түсірер сөз шығарады жорта.
Дыбыс шықса шабалана жөнелер
Сабалаққа керегі де жоқ қолқа.
Ой, сабазым, бұл керемет батыл ғой,
Жүрегі от, басы тұнған ақыл ғой! —
Десе болды, көрмей алдында әкесін
Жағадан ап, сыбап сілкіп жатыр той.
Ал айтақшы мырс-мырс күліп ішінен,
Бір рақат тауып лас ісінен.
Сырт көз сырын білмейді деп дүрімсіп,
Жүріп жатыр жем іздеген күшіген.
* * *
Сөзін оқып Абайдың
Бола қалып шерменде...
Естен бәрі шығады
Ғибратқа келгенде.
Гуілдесіп өз ара
Саралап ұғып тұрамыз
Өтірік, мактан айтқанда
Бәрінен озып шығамыз.
Шындай қылып бұл күнде
Әйелдерден асырып
Өсек айтады еркектер
Әр үйден тарап жатады...
Шыққанын кімнен тергеп көр.
Ұнамаса бұл сөзім,
Мойынға кетпей еріңіз.
Абайды оқып өзіңіз,
Зерделеп біраз көріңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой
Бес асыл іс көрсеңіз.
Абай
Жігітке нұр жауады еткен талап,
Дөп тандап адал жолға түссе қалап.
Ой мен іс қатар жүріп қиюласса,
Ешқашан ер еңбегі болмас ғарап.
Бой ұрса жетіп болып қанағатқа,
Жақсылық қана ойлап жамағатқа.
Әділ кеп кем-кетікке рақым етсе,
Азамат ие нағыз адам атқа.
Осылар Абай айтқан бес асыл іс
Бір аттап желіп жеткен бар ма асығыс,
Ақырын жүріп анық басқанның тек
Қолынан келіп болар бұл ғасыл іс.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз.
Абай
Сырбазсың, әр кеудеге шырақ жаққан
Кісімсіп, жіптіктетіп айтпас мактан,
Бетіне бүркеу кимей, ақ жарылып,
Несібе кім бар бүгін адал тапқан.
Жайына қалды Абай айтқан нақыл,
Сөз теңіз тұншығарлық, бәрі ақыл.
Азамат санағаның жымысқы боп
Шыққанда сан соғасың қалып ғапыл.
Тарайды нән үйлерден бүгінгі өсек
Жатады негізінде қилы есеп.
Жеңіл сөз шағыстырған, жағыстырған,
Бұл күнде күшке ие кесек-кесек.
Біреуге ол билік, биік тақ береді,
Біреуге мол несібе бақ береді.
Біреуді тақтан төмен домалатып,
Бүтінді мызғымайтын қақ бөледі.
Өсекке үйір бүгін бөрік киген,
Айтады адамдай-ақ көріп, білген.
Жандайшап жағымпаз да құр қалмайды,
Сүмең сүр өлекшіндей жемтік ілген.
Қайсыбір креслода төмен етек,
Бірде онда, бірде мұнда дерсің көкек...
Арадан жем түсіріп іліп-қағып,
Табады күнкөрісін өсек төпеп.
Солай дос, бүгінгі күн өсек құнды,
Айта алсаң қисындырып етіп бұлды.
Иланбас, сенбес кісі тауып көрші,
Қарайтын қисынына танып шынды.

2
Өсек пен өтіріктің негізі бір,
Айналған өңі теріс жатады сыр.
«Беті адам, құйрығы шаян» Абай айтқан
Жетеді тоған жасап, өзенді бұр.
Өресі өтіріктің бір-ақ тұтам,
Деуші еді өтірікшінің жүзі жұтаң
Жүз жанбай отырады креслода
Дегендей өтірігіммен қайтсем де ұтам.
Алады ұжым жасап ұту үшін,
Түйені түгіменен жұту үшін.
Сайратады дайындап кеп жиын жасап,
Арлыны арсыз жеңіп түту үшін.
Сыпайы сырты, сырбаз сайын жігіт,
Аңқаулар тәуір санап күткен үміт.
Топсалы алып-салма екі жүзін,
Сәт сайын ауыстырады өтірік күліп.
Сөйтіп ол көпке ақыл үлгі айтады,
Танымай кім екенін пілге айтады.
Күншілдің күңкіліне еріп іс қып
Әркімнің қасіретін ұлғайтады.
* * *
Әсемпаз болма әрнеге
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Абай
Киюді жақсы киім орынымен,
Болғандай көпке ғибрат қонымымен.
Бұрын-сонды ешкім мансұқ еткен емес,
Тек бүгінгі әсемпаз жоқ оны білген.
Сәнқой көп сән киімге мән беретін.
Әсіре сән кигенді нән көретін,
Жеті қат көк үстінде сәнқой десең,
Данышпан деген сөзбен тең көретін.
Іші емес әдемілеп сыртын сақтар,
Көбейді көбелектер, қуыршақтар.
Паш етіп жасырарын жайып салып
Жайтаңдар жан-жағына ұрыншақтар.
Бар ісі сәнге айналып бағып-қаққан,
Үстіне жапсырғыштан барын тапқан.
Даңқ іздеп, атақ қуған әсіреге
Түсірер ел көзіне бұл да мақтан.

2
Емес деп байлық мұрат, жоқтық ұят
Зердеңе жастайыңнан халқың құяды.
Сән киім тауып кисе жер бетіне
Әсіре әсемпаздар зорға сияды.
Жүргенсіп, шайқап төгіп, үрлеп ішіп
Бұлықсып өз буына өзі пісіп.
«Өзінен басқа ойы жоқ» кербез керім
Бүлінеді сынсыз бойын сырлай түсіп.
Сымбаттың кемістігін ақ атлас
Байқатпай бөгде көзден бүркер рас.
Сезбейді жақын-жаты білгендігін
Баттасқан қара майдан ішін лас.
Күшік асырап ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім
Ол мерген болды, мені атты.
Абай
Ит асырап бағамыз,
Бабын оның күйттейміз.
Ең жексұрын адамды
Жазғырғанда ит дейміз.
Ит — адамға дос дейміз.
Өтірік деуге батпаймыз.
Риза сәтте адамға,
«Ой, итің!» — деп мақтаймыз.
Ашулансақ, адамға
Ит жемі боп өл дейміз.
Батыл десек, адамның
Сырттаны ғой ол дейміз.
Қастық қылған жымсықты
Қалдырмайша титтей із,
Мысық жүріс, үндемей
Қабатұғын ит дейміз.
Жағына шығып жауының
Ит иесін сатпайды
Өз өресі жеткенше
Адалдығын сақтайды.
Ит иесін қаппайды,
Адам аузын жаппайды.
Кей қылығы адамның
Адамдығын таптайды.
Итке қысас қылғанда,
Қина дейміз иесін.
«Алла мен ар алдында
Көріп алдым киесін» —
Деп, қалтырап, дірілдеп
Көгереді түсіміз,
«Біз адамбыз!» — деп жүріп
Неге бұлай ісіміз.
Келіс мейлің келіспе,
Деп жүргендер адамбыз.
Қиянатшыл, опасыз,
Көбіміз иттен жаманбыз.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Нала

  • 0
  • 0

Бұл тағдырдың талқысына
Алты жастан көнген ем.
Ащысын да, тұщысын да
Әбден татып көрген ем.

Толық

Өзім ғой

  • 0
  • 0

Өзім ғой мынау дүние,
Түсінсеңдерші, достарым,
Табиғат менің үніме
Тамылжи үнін қосқанын.

Толық

Жақсылық

  • 0
  • 0

Жақсылық
Кімге мәңгі тұрақтаған,
Жамандық
Өзі тілеп, сұрап па адам!

Толық

Қарап көріңіз