Өлең, жыр, ақындар

Нәсіл

  • 08.08.2021
  • 0
  • 0
  • 386
О дағы қалыбынан аса алмайды
Жауқазын ерте көктеп шыққанменен.
Абай

Заңдылық бар жан атаулы
Нәсіліне тартатын.
Түсі, мінез, әдетімен
Айырмасы артатын.
Сол арқылы топ ішінен
Нені болсын таниды
Нәсілінен түсі өзгесі
Көзімізді қариды.
Оғаш, ерек көрінеді
Топ ішінде ақ қарға
Қарғаға тән қылығынан
Ақтығы оны актар ма!
Баурап назар тұратұғын
Алалығы түсінде
Дейміз бүлік мінездерді
Ала тай жылқы ішінде
Heше алуан момақан бар
Мүп-мүләйім пішінде
Алалығы тұрады оның
Бадырайып ісінде.
Болғаны жоқ,
Болмайды әсте,
Бұл ғаламда жасырын
Кімнің болсын әрекеті
Айтып береді нәсілін.

Қыран бүркіт не алмайды салса баптап,
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Абай

1
Зерделеніп Абайдың сөзін теріп,
Өзгелердің бойынан ғана көріп,
Өзімізге жолатпай айтқан сынын
Бүгінгілер келеміз көкірек керіп.
Біз, әрине өзара жау емеспіз,
Бірақ, әсте жүрмейміз дау егессіз.
Дара тұлға ойымыз көк тіреген,
Өзімізше қайсымыз тау емеспіз!
Осы таулық қоспайтын басымызды.
Жүргіміз жоқ алдағы басып ізді.
Жол салушы көсембіз әрқайсымыз
Өрге сүйреп тек қана өз тасымызды.
Одан ары үйірлеп топ құраймыз,
Сәл билікке іліксек, нақ құдаймыз
Намысты да арынды, дарындымыз
Білімпазбыз кімдерден жон сұраймыз.
Қағып қойып арқадан ойы тапшыны,
Тандап алып сәуегей айтақшыны.
Оралғы боп жолына оқпан тізіп,
Орға жықпай жүреміз қай жақсыны.
Ұшырмаймыз қыранды бабындағы,
Іліп түсер нағыз дер шағындағы.
Ел намысын кім ойлап жатсын тәйір,
Қарға қамы тұрғанда тобындағы.
Қиянат іс сыртынан өз алдына,
Көз жұмамыз қыранға кез алдында
Жетелеп кеп жораға жүргізген соң
Қарғалар жүр қыран боп көп алдына.
Намыстыны көтерер ел мерейін,
Жат-жаланың алдында қорлап кейін
Ысырамыз, әдейі ерегеспен,
«Ырылдатып, ит сақтап» дегендейін.
Абай айтқан даңғаза, далақтаумен
Атақ пенен қалтаны қарақтаумен
Келеміз ғой бүгінгі зиялылар
Өзімізді өзіміз теңеп таумен.
Ынтымаққа ынтамыз шабандаған,
Ғибратқа келгенде табандаған
«Тікенсіз гүл, жылансыз кен жоқ» қой дер
Жасырмақ боп ауруын амалдаған.
Қай мансапқа құдай-ау таласпадық,
Ал ойымыз, өреміз жанаспадық.
Надандықтан арылған, оқыған ел
Заманынан Абайдың ары аспадық.
* * *
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды.
Абай

Сірә, ешкім мақтауды жек көрмейді
Тек әсіре мақтаншақ өктемдейді.
Ата-анасы болғанын ұмытады
Атақ қуып алысқа кеткен бейілі.
Өзін-өзі мақтаған өлім дейді,
Әзір өліп қалғандар көрінбейді.
Ұятынан өлетін кім бар бүгін
Судан құрғақ шығып, «мен керім!» дейді.
Мұны ұқпай, жарандар тұрған бар ма?
Ғибрат алып мойынын бұрған бар ма?
Ең сыпайы, сырбаз деп ұғынғаның
Сырбаздығын тұрады бұлдап нарға.
«Былай болса тәуір еді мынау ісің» —
Десең, жетіп жатыр ғой бұзып түсін,
Өш алудың жоспарын құрады екен
Парасатты деп санап жүрген кісің.
Кегі бітпей айтылған аз ғананың
Буы жеңіп биліктің аз ғана күн
Текті жердің түлегі деген төрең
Көрдік ойы бойынан озбағанын.
Қыз кәдірлі халыққа қылығымен
Тазалығы, жанының тұнығымен
Бояуымен көзіңді без де бұрады
Қалатұғын мәңгі жоқ қызығымен.
Жігіт нәрлі күшімен, мысыменен
Көп көңілінен табылған ісіменен
Сұлулық көп табына бермейтұғын,
Көзді тартып тұрса да түсіменен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алла бүркемегенді

  • 0
  • 0

Алла бүркемегенді
Қастық бүркей алмайды.
Тұмшала мейлің түнек боп
Ұзаққа әсте бармайды.

Толық

Қадам

  • 0
  • 0

Кейбіреу тағдырына шағынады,
Кейбіреу мәңгі соған табынады.
Қадамын шалыс басып, тірлігіне
Лағынет айтушы да табылады.

Толық

Бола алмайды көңіл құз

  • 0
  • 0

Өкпелеген баладайын бұртиып,
Кең қабағын бірде ашып, бір түйіп,
Қуақы жас қыз мінезді қоңыр құз
Құбылады көңіліне сыр түйіп.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар