Өлең, жыр, ақындар

Айрылған дала бейбақ Балқашынан

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 551
Айрылған дала бейбақ Балқашынан,
Жағалау,
Жасыл белес,
Жартасынан.
Түскен бір сергелдеңге серідеймін,
Көз жазып ойда жоқта қалқашынан.
Залымның,
Занталақтың залалынан,
Айрылған дала бейбақ Аралынан.
Қанаты өртке тиген қарлығаштай
Онсыз да жарақатты, жаралы жан.
Айрылған дала бейбақ аң-құсынан,
Солардың қан қайнайды қайғысынан.
Төзімім жетер емес,
Біткен дейсің –
Кімдердің маңдайына мәңгі шыдам?!
Тал түсте
Түстім сөйтіп әбігерге,
Тартпай-ақ қойғаны ма бағым өрге?!
Тарқылдап «арғы беттен» күлді біреу:
«Түбінде айрыларсың бәрінен де!»
Кісіге ұқсамадым сағы сынған,
Кезімде жауап іздеп жан ұшырған.
Ант еттім!
Айрылмасқа мәңгілікке
Салтымнан,
Дәстүрімнен,
Намысымнан!
Жай түссе жағалауда – жартасқа ауыр,
Дертіңе бола алмайды ол тосқауыл.
Көп екен көрмегенің бұл жалғанда,
Шыдап бақ –
Арал – жүрек,
Балқаш – бауыр!
Не жазығым бар еді қырылғандай,
Бұл сұмдыққа жүруші ем бұрын нанбай.
Аждаһаның араны
Аралдан соң,
Балқаш жаққа біржола бұрылғандай.
Қиын болды-ау,
Табылмай кінәлі жан.
Шықты жауыз ақыры «құмарынан».
Арал – Балқаш –
Әуелден Егіз еді,
Кім айырған егізді сыңарынан?
Адам бар ма ойлаған өз басымен,
Аруанадай жырымды боздатып ем...
Кеуіп қалған арнаны кім толтырар,
Толтырмасам халықтың көз жасымен...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұялаған кеудемнің түбіне мұң

  • 0
  • 0

Ұялаған кеудемнің түбіне мұң,
Қорықпаймын келсе де бүгін өлім.
Шүберекке түйіп ап қу жанымды,
Шындық үшін шырқырап жүгіремін.

Толық

Өмір – өткел

  • 0
  • 0

Талайларды жылатқан, еңіреткен,
Өмір – асу,
Өмір – бел,
Өмір – өткел!..

Толық

Өлкейік

  • 0
  • 0

Туып-өскен жерімнің
Өзенісің, Өлкейік.
Көзіме ыстық көріндің,
Көз алдымда көркейіп.

Толық

Қарап көріңіз