Өлең, жыр, ақындар

Сегізкөз

  • 19.09.2021
  • 0
  • 0
  • 656
Күндегi осы жұмысы,
Сабақтан соң ермегi –
«Екiдегi» iнiсiн
Ермек жатып тергедi.
– Көрсет, – дейдi, –
Басыңды?
Ал шашыңды,
Қасыңды?
Ендi көрсет
Тiлiңдi,
Мойыныңды,
Мұрныңды?..
Көрсетiп, не сұраса,
Шатаспайды iнiсi.
Бiлгiр екен бұл аса,
Мақтар едiм мұнысын.
Ермегiң де қайтпайды,
Күнде сынақ алады.
– Бiр де қате айтпайды, –
Дейдi: – Iнiм саналы...
Көрiп бəрiн қызықтап,
Тамашалап тұрғанмын.
Келiп Ермек бұзықтан
Мен де тергеп сұрадым.
– Қай жерде айтшы,
Бүйрегiң?
– ...?
– Ал қай жерде
Жүрегiң?
– ...?
– Ал қай жерде
Бауырың?
– ...?
– Ал қай жерде
Жауырын? –...?
– Қай жерде айтшы,
Өт деген?
– ...?
– Асқазаның
Өкпе мен?
– ...?
Бұғана мен
Өңеш ше?
– ...?
– Жұтқыншақты айт, ендеше?
– ...?
Бiраз өзiн тергедiм,
Оған жеңсiк бермедiм.
Сырын қайдан бiлейiн,
Əйтеуiр, бiр ұққаным –
Ермек батыр
Бiреуiн
Бiлмейтiн боп шыққаны.
Көрсете алмай талайын,
Қара тер боп састы өзi;
Қорс-қорс тартып танауын,
Сипай бердi басты өзi.
Iнiсiнiң көзiнше:
«Көп бiледi iнiң», – деп,
Сөктiм оны
Өзiмше:
«Жарамайды мұның», – деп...
Қарап тұрып адамды
Өстiп құдай ұрады.
– Қай жерде? – деп ол менен
«Сегiзкөздi» сұрады.
Кiм бiлiптi
Ондайын,
Састырды ол өзiмдi.
Бiлеушi едiм,
Оңбайын,
Алақтатты көзiмдi.
Қинап кеттi сол сұрақ,
Айттым оған долбармен:
– Сегiзкөз бе,
Ол, сiрə,
Қарт адамда болар, – деп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бура мен ат хикаясы

  • 0
  • 0

Келе жатқан ескiден,
Бұл бiр көне жыр едi.
Қытымыр да, сестi де,
Бiр бай өмiр сүредi.

Толық

Лақап ат кімде бар?

  • 0
  • 0

Мына көзiм көрдi,
Бес оқушы болды;
«Бiрге» оқитын –
Бiр,

Толық

Інімнің етігі

  • 0
  • 0

Етiгi бар əдемi
Өзiне шақ əсем-ақ.
Жылайды ол əдейi:
«Жаман етiк», – десең-ақ.

Толық

Қарап көріңіз