Төрттағандар
Торуда қауіп-қатер, қырғын әлі,
Ойласаң жігеріңді құм қылады.
Шығады жеңнен кіріп балағыңнан,
Сумаңдап жауыздықтың сұр жыланы.
* * *
Талайлар байлық пенен тақты ойлаған,
Өз жұртын өгейсініп қақпайлаған –
Ел көзі ерге түсер ең алдымен,
Биліктің қазығына ат байлаған.
* * *
Арбаса билік буы, қыздың лебі,
Азамат ел үмітін үздіргені.
Пенденің періштесі некен-саяқ,
Асты-үстін дүниенің біз білгелі.
* * *
Тартылып шалқар тірлік қақ суындай,
Азаптың ащы дәмін таттық удай.
Тіккенше азаттықтың көк байрағын,
Қырылдық қалың қазақ көк шыбындай.
* * *
Жалақор, парақорлар жайлағанда,
Сенетін жан қалмайды айналаңда.
Қулық пен қиянаттың құрығы ұзын,
Шындықтың қолы қысқа қай заманда.
* * *
Өлеңді әуре болма жаза алмасаң,
Біреуге байқап сөйле сөз арнасаң.
Ағайын, көрші-қолаң тазармайды,
Алдымен өзің бастап тазармасаң!
* * *
Барасың бізден қашып, жастық, қайда?
Құдайау, асау көңіл бастықпай ма!?
Досымдай көптен күткен есік қағып,
Үйіме енді қайта бас сұқпай ма?
* * *
Көшеді жүйрік жылдар желдей есіп,
Табады тынбай қуған пенде несіп.
Жайнаған жарық ғұмыр бір күн сөнер,
Білтесі жанып біткен шамдай өшіп.
* * *
Сылдырап судай аққан талай заман,
Ашпайды анық сырын сен ойлаған.
Емес ол өз келбетің бір қарасаң,
Көріне салатұғын шарайнадан.
* * *
Пендеге мұрат емес жүз жасамақ,
Өмірі өткендердің – бізге сабақ.
Тарихтың қатпар-қатпар қойнауынан,
Табасың керегіңді іздесеңақ.
* * *
Жылыстап өте шықты, шіркін, жастық.
Алдыңғы керуеннің жұртын бастық.
Неге керек тәңірім бермеген соң,
Өңірін боз көйлектің жыртылмас қып?..
* * *
Домбыра екі ішекті, бір тиекті,
Үніңнен айналайын қасиетті.
Күн сайын көкірегіме құясың сен
Бабалар айтып кеткен өсиетті.
* * *
Дүние бүгін өткен, ертең де өтер,
Көсіліп қай заманаға көрпең жетер?
Жайнаған жас үміттің жапырағын
Тынымсыз жел тербетер, сан шөлдетер.
* * *
Қақ жарып көк толқынды кеудеңізбен,
Болсаң да алып кеме өрге жүзген,
Құлдырап таудан төмен құлағандай,
Түбінде бір қайтасың келген ізбен.
* * *
Әркімнің өзіне ауыр өз қайғысы,
Қозданып қызыл шоқтай маздайды іші.
Көпіріп көп алдында сөйлегенмен,
Халықтың қамын жейтін аз ғой кісі.
* * *
Тарих ізін қарасам басып өткен,
Талайлардың ел үшін басы кеткен.
Жақсылардың көп еді қасы кеткен,
Арыла алмай келеміз қасіреттен!
* * *
Береке мен бірліктің жоғалғаны –
Жағадан жау, етектен бөрі алғаны.
Жусап жатқан жылқыңды үркітеді,
Көк шегіртке кісінеп көгалдағы.
* * *
Дос сатты, дұшпан қатты, өмір тәтті,
Өткердік мына бастан небір сәтті.
Салыңқы қас-қабағы салқын дүние,
Қызу жоқ, қызық та жоқ – жабырқатты.
* * *
Ит жатпаса іргеңе,
Оған таста бірдеңе.
Бар екенін білдірер
Ашыққанда бүрге де.
* * *
Қырғанменен күйесін,
Қазан түбі ағармас,
Қырсық шалса иесін,
Құмай тазы аң алмас.
* * *
Айтумен жүрміз Азаттық жырын,
Тартумен жүрміз азаптың жүгін.
Өзінің тілін ит те біледі,
Итке бермесін қазақтың күнін!..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі