Өлең, жыр, ақындар

Сағыныш

  • 21.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1175
Шайырлар сынды шығыстық
тойлар тойладым,
Тас пенен гүлден тұратын ғазалым менiң.
Жылдар да жылдар
қаншама ойлар ойладым,
Сәулесiн шашып түспедi назарың сенiң.
Жақындап қалдым көрге де
тығатын түнге,
Мәңгiлiк iңкәр алғашқы дастанға кеудем.
Шығысқа кеттiң,
телмiрдiм шығатын күнге,
Күнменен бiрге шығады аспанға деумен.
Таңдар да атты-ау арман мен
арай да арай,
Көл болар едi-ау көңiлi ұғысса көптiң.
Өзегiм талды-ау шұғылаға
қарай да қарай,
Өйткенi жаным, менсiз сен Шығысқа кеттiң.
Қарадым ұзақ теңiзге шағала кеткен,
Құстармен бiрге тербеттi
көл ерке түндi.
Жиырма жыл бойы бiр елi арада өткен,
Елесiң менен қалмады көлеңке сынды.
Түсiнбей тұрған қара көз қарақпен жардың,
Тiлегiн тiзiп сен жаққа жолдадым дедiм.
Ел гулеп жатқан тойларда
шараппен қалдым,
Өйткенi, жаным, жанымда болмады менiң.
Белдердi буған белiнен елжiрей сүйдiм,
Сағымға сiңiп
алысқа кететiн жолды.
Атпады таңдар сан рет,
мен жүдей күйдiм,
Өйткенi сенсiз ғұмырым өтетiн болды.
Бәйшешек қыз ең
күн сүйген Күреңбелiңде,
Бас имей кеткен ғажайып ғазалыма да.
Таңдайда қалар
бал барын бiлем, ерiнде,
Себеп те болар бәлкiм, сол ажалыма да.
Көктемде көкке мұңайдым
жауған бұршаққа,
Түсiмде өпкен арай да,
арай да жүзiң.
Қилы да қилы кезеңдер келген сұр шақта,
Мен жазған жетiм жырларға қарайлай жүргiн.
Аңыз ғып едi-ау биiкке сай ұл деп бәрi,
Табиғат қатар жаратқан тас пен гүлдi.
Даласы түгiл
қазақтың шайыр деп әлi
Мойындамайды кiшкентай Қаскелең бiздi.
Қарсы алдым солай елден мен ертелеу күздi,
Қап-қара көзiң есiмдi ап бұрымың ойнап.
Тас пенен гүлден жаралған
еркелеу қызды,
Жұматай шора секiлдi құрыдым ойлап.
Тiлегiм қалды сұрайтын
Құдайдан жалғыз,
Тағы да көктем оралды, сезiмсiз көктем.
Есiме түстi
қайран сол мұңайған наурыз,
Жападан-жалғыз жабығып өзiңсiз кеткен.
Көңiлiм менiң өзенге барғанда қалған,
Жүрекке кiнә артпаймын – асыл ет екен.
Жалған да жалған,
жалған да жалған,
Айта алмай кеткен махаббат – қасiрет екен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ата-бабамыз айтқан жоқ босқа "бес күн" деп

  • 0
  • 0

Ата-бабамыз айтқан жоқ босқа "бес күн" деп,
Терең түсінген мұң-зарын ұлы даланың.
Кейінгі ұрпақ өзіңмен ғұмыр кешкім кеп,
Бүгінгі күннен алшақтап кетіп барамын.

Толық

Көп қалған бұл көңіл көнерген

  • 0
  • 0

Көп қалған бұл көңіл көнерген,
Барақат таба алмай өнерден.
Сөзіне құлақ сал, қалқам-ау,
Ақынның артынан сөз ерген.

Толық

Қасиетті құпиям бар санамда

  • 0
  • 0

Қасиетті құпиям бар санамда,
Ол қасиет бартын менің анамда.
Жұматайды жабырқатқан қара жол,
Бүгін міне, қолын созды маған да.

Толық