Әншіге – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Әншіге» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1656
Ән қандай, әуен қандай, әнші қандай!
Асқақтап бұлтқа барып шаншылардай.
Ерке әуен еркеленіп шыққан сәтте
Көзіңнен ыстық жасың тамшылардай.
Деміңді ішке тартып үн шығармай,
Тыңдайсың асау жүрек тұншығардай.
Қоздатып қозғағанда көңіл сырын,
Боласың өле-өлгенше құлшынардай.
Қайран ән тебірендірген, табындырған,
Артық па алқа тақсам лағыл жырдан?
Жүректің түкпіріне сәуле төгіп,
Тұрып-ақ көз алдымда сағындырған.
Мамырлап майда ғана қағатын жай,
Мақпал ән мұңлы аққудың қанатындай.
Қондырсам үлбіретіп алақанға,
Тек содан жаным рахат табатындай.
Шырқаса нөсерлетіп, жаңбырлатып,
Қалшиып қарауылдай қалдым қатып.
Адамға ең алдымен ән сыйласын,
Егер де сыйлар болса тағдыр бақыт!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері