Қайдасың, арыс ағалар?! – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Қайдасың, арыс ағалар?!» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 774
Арғымақ жалында,
Алапат жалынға
Жанған ер –
Қайыспас қара нар,
Қайдасың, ағалар
Ардагер?!
Найзағай даусында
Бәрің де барсыңдар,
Бағландар.
Сендерді іздейді,
Күдерін үзбейді
Қалғандар.
Қырандай қалғымас,
Қамауда қанды жас
Төктіңдер.
Өзекке өрт толып,
Жазықсыз мерт болып
Кеттіңдер.
Көтеріп мазағын,
Тағдырдың азабын
Тарттыңдар –
Түнеріп көп тұрған,
Бұлттарды бетке ұрған
Нарт шыңдар!
Толқындар тулайды,
Тоғайлар шулайды
Сендер деп.
Жалаулы шақтарың,
Алаулы оттарың
Сөнген жоқ.
Халықтың көз жасы,
Сендерсің сөз басы,
Қыршындар!
Таңменен бірге атып,
Биіктен тіл қатып
Тұрсыңдар!..

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері