Жанның оты – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Жанның оты» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 767
Тиіп кетсе бунап тұрған сезімге от,
Тиіп кетсе қурап тұрған төзімге от,
Абайсызда лап ететін кезім көп,
Арпалысып өзімменен өзім боп.
Бұл тірліктің құпиясы мол қандай,
Жүре алмайсың шаттанбай да долданбай.
Өртенемін оңашада дауылдап,
Аралдағы жан баспаған ормандай.
Жел ұйтқыса желіктіріп бүйірден,
Шоқ шашырар жалынымнан үйірген.
Өртенемін өрши түсіп сәт сайын,
Көпке дейін өзгермей сол күйімнен.
Ойламаңыз оп-оңай-ақ өшер деп,
Жанның оты – жалғандағы кеселді от.
Өзге түгіл, сөндіре алман өзім де,
Сөндірмесе ғаламат бір нөсер кеп.

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері