Мамырға тілек – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Мамырға тілек» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 838
Келдің бе, ерке сұлу мамыр айым,
Жайнатып күн келбетін, таң райын.
Жуынып жаңа көктем жаңбырымен,
Жап-жасыл жапырағыңды жамылайын.
Жалықпай жырла, жырла, жыршым менің,
Жасампаз мәңгі өмірдің тылсым демін.
Келісті көк орманым жұпар шашып,
Күмбезін кір шалдырмай тұрсын көгім.
Нәзігім, тербе дүние алабын бұл,
Толықсып шешек атсын дала гүл-гүл.
Жас талдың бұтағына қонып алып,
Алаңсыз әнге бассын бала бұлбұл.
Қалыңдап жер жамылған көрпе-құрақ,
Қаптасын момын қозы, тентек лақ.
Құпия жүрегімнің лүпілімен
Тілдесіп, үнін қоссын ерке бұлақ.
Толғанда табиғаттың көзіне нұр,
Төгеді інжу-маржан сөзін өмір.
Жарқ етіп жыл айналып сен келгенше
Ынтығар іңкәр жүрек өзіңе бір.
Жасартып тірлік көшін шамаң барда,
Тарта бер замандардан замандарға.
Жататын бірі келіп, бірі кетіп
Пенденің қайғысына алаң болма!

1982


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері