Мен Тәңірі тұтсам да – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Мен Тәңірі тұтсам да» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 913
Жетегінде қиялдың,
Ердім елес соңынан.
Кейде өзімнен ұялдым,
Өз құнымның жоғынан.
Мұнарасы Мысырдың
Көрінгендей елірдім.
Қашпай қалған қысырдың
Уызына семірдім.
Бар­жоғымды ұмытты
Жүйрік жылдар желқуық.
Ұшып­қонған үмітті
Жете алмадым мен қуып.
Таң атқанға – күн батқан,
Тірі жан бір өлмей ме?
Сөз сауғанға тіл­жақтан,
Берсе, маған бермей ме?!
Жыр баласы – жетімек,
Мен Тәңірі тұтсам да.
Жарқ етпеді көкірек,
Найзағайды жұтсам да!
Шамырқанған көңілде
Шаңқылдайды ақ бүркіт.
Көмейімнен өмірге
Кетсем бе екен от бүркіп?!.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері