Қырықтан асқан шағымда
I
Қырықтан асқан жастамын,
Қырқылжың тарта бастадым.
Құбыла соққан құйындай
Қылықтың бәрін тастадым.
Қайқаңға салсаң қасқамын,
Ойпаңға салсаң басқамын.
Бұғанам қатпай жатыпақ
Тұяғым тиген тасқа мың.
Тау сырын алған тағыдай
Ұшпаның шетін баспадым.
Болам деп көпке қолғанат,
Қазанның қырдым қаспағын.
Қайсыған жете бересің
Ғұмырда мынау қас қағым?
Кірлесе тысы көңілдің,
Аударып кидім астарын.
Азынап тұрған жел болды
Самал деп саңылау ашқаным.
Безеріп жатқан шөл болды
Дүниекөл деп шашқаным.
Беріде қалған бел болды
Асу деп арғы асқаным.
Тарыла түсіп көкжиек,
Түнере түсті аспаным.
II
Қырқаға шығып жоталап,
Қарасам, өмір қаталақ.
Жаныған пышақ секілді
Жағыма тиді шапалақ.
Жүректің басы қапалап,
Көзімнің жасы боталап,
Сарқырап аққан өзеннің
Сарынын қудым қаталап.
Қарсыдан ұрған көк дауыл
Үстімнен өтті тапалап.
Тұлданып тағдыр талағы,
Тұйғынды тепті жапалақ.
Мысықты қағып тобықтан,
Лақтырды тышқан жата қап.
Қордаға қоңыз өрт салды,
Ордаға доңыз жапалап.
Шолтиған тонның етегі
Шоңқайсаң болды саталақ.
Шамына тиді иемнің
Сайтаннан туған сапалақ!
III
Замана көші көлікті,
Тартса да қайда ерікті.
Сар желіп жүрген сары атан,
Мәңгілік белі берікті.
Тізеге дейін сор кешіп,
Бізге де, міне, келіпті.
Тілекті Тәңір беріпті,
Ескіден жаңа жеріпті.
Құлпыра түскен күн сайын
Жалғанның жүзі көрікті.
Есептеп кімдер көріпті
Шырылдап туған сәби мен
Күңіреніп шыққан өлікті?
Қай жұртта қалды қай бабаң,
Қайсысын құдай теріпті?
Сапырып судай көбікті,
Сабылдық біз де – не бітті?
Құтырған қара дүлейдей
Қызыл көз қырсық тебітті.
Әуелден әлсіз байғұсқа
Жыртқыштың аузы жерікті.
Қасқырдың тісі – қандауыр,
Бауыздар момын елікті.
Ойласам түптеп осыны,
Қарадай басым зеңітті.
Тәңірім бүйтіп тарынса,
Ноқтасын несін кеңітті?
Безбүйрек қана бүлк етпес,
Кемірген итше кемікті.
IV
Түлкіге өлім – түгінен,
Ақынға қатер – тілінен.
Ашыған сүттей іріген,
Сасыған еттей шіріген,
Шошынам елдің түрінен.
Қайырым қашты ағадан,
Мейірім безді ініден.
Ысқырса үрей жыланы,
Қылтитып басын інінен,
Қойшының қосы қалтырар,
Ұрғандай дауыл түнімен.
Жағаттап жүрген жалдаптың
Тимейді септік бірінен.
Сарқылса байлық сабасы,
Сауылдап аққан түбінен.
Қырықтан асқан шағымда
Төсендім тулақ сіріден.
Сойдиған сояу болғаны
Тоналса бұта бүрінен.
Тамыздық қылса, тамтығы
Табылмас оттың күлінен.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі