Өлең, жыр, ақындар

Жұрағатым ит қосады

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 442
Мен емеспін елден ерек сүйген құлы Алланың,
Өмір өзі есептейді бергені мен алғанын.
Аузымды ашып аңырғанмен аспан жақтан түк түспес,
Саясында жатқан жоқпын мәуелеген алманың.
Несібемді теріп жеймін арқа етімді арса ғып,
Төккен терім жыртық үйден саулағандай тамшы ағып.
Жұрағатым ит қосады қорасына кіргендей,
Көшесімен өте шықсам салдыр­гүлдір жар салып.
Діні басқа әңгүдіктер дігір салып түнімен,
Мылтық атса мыңқ етпейді құлағының түбінен.
Үйде – қасқыр, түзде – мысық, қайран замандастарым,
Жан шошиды екіжүзді тірлігіңнің түрінен.
Қанды жыртқыш өз етіне өз тырнағын батырмас,
Тартып жейді басқанікін, өлсе де нәр татырмас.
Екі етегі далақтаған, алақтаған ел­жұртым,
Айдалаға шаба бермей, қабырғаңмен ақылдас.
Құрсағыңды ойлай отыр кірсең қысыр кеңеске,
Бір түйір дән – үлкен олжа түскен қызыл өңешке.
Аспан ашық, жер қарада тұяғын да серпе алмай,
Бұл қазақтың тең жартысы аштан өлді емес пе?
Алай­дүлей жел тұрмаса тіккен қосың құлар ма,
Суға кетсең, салындыдай сансыратар мың арна.
Таласам деп тостағанның түбіндегі жұғынға,
Кеше көрген құқайыңды бүгін естен шығарма!
Өңіріміз өрім­өрім, жайлау бірақ жағамыз,
Көк тиынға татымайды базардағы бағамыз.
Анда­санда қысылғанда түсімізге кіреді
Жортуылда жарты құртты бөліп жеген бабамыз.
Бағы ашылмас байғұс қана бас көтермес қуыстан,
Қыңқ етпейді – шылбыр ұшы шығып кетсін уыстан.
Орта көңіл тоғаймайды, томпаймаса қоржының,
Қарап жатпай қамданып қал, қаны бірге туысқан.
Киіз бассаң, сырмағыңның мен де отырам шетіне,
Шытырманды шешпей­ақ қой, екіні қос екіге.
Күнім түсіп, қайыр тілеп, алақаным жайғам жоқ,
Жақындасам жатырқама, безірейме бетіме.
Ішің мұздап, сыртың маған сыр білдірмей күлсе де,
Көз алартып, қызықпаймын қолыңдағы күлшеңе.
Сен тұрғанда кімге барам, соны берсең жетеді –
Есігімнің топсасына керек боп тұр бір шеге!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір жұмбақ балықшы бар

  • 0
  • 0

Тіріге жайған торы көрінбейтін,
Бір жұмбақ балықшы бар өлім дейтін.
Өлуге жаралған соң өкінбейсің,
Көр қазып, жұртың болса кебіндейтін.

Толық

Анама

  • 0
  • 0

Болсын деп шаңырақ пен босаға аман,
Көңілін күн нұрына тосады анам.
Ошағын көсеп қойып, отыратын
Бір өмір басталардай осы арадан.

Толық

Соңғы шабыс

  • 0
  • 0

Атымның аяғына шор байланды,
Орнынан әрең тұрып, зорға айналды.
Шор байланды –
Маған да шер байланды,

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер