Өлең, жыр, ақындар

Тойған торай есінесе...

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 659
Қара судан қаймақ алып, қамын ойлап құрсақтың,
Күннен­күнге асып түсті бір сатқыннан бір сатқын.
Сауысқандай жан­жағыма жалтақтаймын – тым сақпын,
Күштілерге – дәрменсізбін, тістілерге – жұмсақпын.
Жәрдем тілеп жар салғанмен бейшараны кім тыңдар,
Үміт оты түннің алыс түкпірінен жылтыңдар.
Періштелер құрығанда сайтан біткен құтырып,
Бұлттан шыққан күнге қарап, артын ашып жырқылдар.
Қарақұрым ібілісті құрта алмасаң не пайда,
Ит тұмсығы өтпес нуды сынық балта отай ма?
Сандалумен күн өткізер соқыр теңге соңында,
Бой алдырған пақыр пенде арам пиғыл, жат ойға.
Тауық құсап жем терген соң іздеп дәннің ірісін,
Басың алтын болса­дағы бейшараның бірісің.
Кім разы ете алады еңіреген еліңнің
Бақидағы өлісі мен фәнидегі тірісін?
Өкінгенмен екі болмас Тәңірінің бұйрығы,
Жарлы жұртты жарылқамас патшалардың сыйлығы.
Ақ серкенің мүйізіне бақыт құсы қонар деп,
Күте­күте көкке жетті көк ешкінің құйрығы.
Мақсат­мұрат, ізгі тілек қалғандай­ақ адыра,
Бүтін түйме көрсе қазақ жүгіреді жабыла.
Не боларын бір құдайдың өзі білер соңыра,
Тойған торай есінесе – бүкіл дала дабыра.
Тонағысы келген кезде аяп қалар кімді жау?
Тасжүректі жібітпейді байбаламдап құр жылау.
Ай тақырда қарманғанмен қолға ештеңе ілінбес,
Қай соқырға таяқ болар жұртта қалған бір бұрау?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақ тілек

  • 0
  • 0

Мен тағы алға жылжыдым,
Кел тағы, Жаңа бір жылым!
Тәуелсіз елмін Ту алған,
Қолымда тізгін­-шылбырым!

Толық

Ақша бұлттар

  • 0
  • 1

О, ақ ұлпа ақша бұлттар,
Ақша бұлттар – ақ шабыттар.
Күн тығылған көкірегіңді
Алатауға ақтарып сал.

Толық

Аңқау аю

  • 0
  • 0

Атам таңнан тұратын,
Ерттеп мініп құла атын,
Мойнына асып мылтығын,
Жаздай алмай бір тыным,

Толық

Қарап көріңіз